Доссор дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде еркін күрестен республикалық ашық турнир өтті.
Аймақ жұрты дәстүрлі түрде Мақат ауданының Құрметті азаматы, еркін күрестен КСРО-ның спорт шебері Тілекқабыл Құсайыновты еске алды. Аталған жарыс биыл жетінші рет қатарынан үзілмей өткізіліп отыр. Турнирді аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Ерғалиев құттықтау сөзбен ашып, одан кейін Тілекқабыл ағамыздың әріптесі Табылды Жолмағанбетов жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Т.Базарбайұлының жары Ағилаш апай турнирге қатысушыларға аналық ақ батасын беріп, қолдау білдірген азаматтарға отбасы атынан алғысын білдірді. Қазақ спортының дамуына өлшеусіз үлес қосқан Тілекқабыл Базарбайұлының еңбегі ерен. Еркін күрестен талай таланттарды тәрбиелеген білікті бапкер, мұнайлы өңірде осы спорт түрінің негізін қалаған. Сондай-ақ, Тілекқабыл Құсайыновтың есімі тарих беттерінде Мақатта тұңғыш спорт мектебін ашқан тұлға ретінде сақталды.
Турнирге Қызылорда, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау және Атырау облысының барлық аудандарынан жиналған палуандар екі күн бой боз кілемде белдесті. Жарысқа 2005-2006 және 2007-2008 жылы туылған екі жүзге жуық жасөспірімдер қатысты. Он салмақ дәрежесі бойынша сынға түскен үміткерлер арасынан мықтылар топ жарды. Болашағынан мол үміт күттіретін кішкентай палуандардың аяқ алыстары, олардың күреске деген ынта-жігері қуантты. Қатысушылар арасында Тілекқабыл Құсайыновтың немересі Алпар Мұратұлы да бар. Ол бірнеше жылдан бері осы бозкілемнің палуанына айналған. Жеткен жетістіктері де көңіл қуантарлық. Бүгінгі жарыста да жүлделі орыннан көрінді. «Күрес спортымен айналысып жүргеніме төрт жылдан астам уақыт болды. Турнирге жыл сайын келіп, бағымды сынап жүрмін. Қарсыластарым мықты болса да, жеңісті қолдан бермей, жүлделі орындарға ілініп жатырмын. Әлі де талай белестерді бағындырамын деген сенімдемін»,- дейді жас спортшы.
Еркін күрес турнирі өте жоғары деңгейде ұйымшылдықпен өтті. Екі күнге созылған күрес турнирінің жеңімпаздары анықталып, ойын өз мәресіне жетті.
Сайыс қорытындысы бойынша аудан спортшылары 2007-2008 жылы туған жасөспірімдер арасында Қарасай Диас (32 кг), Мұратұлы Ербол (48 кг) І орынға ие болса, Ермекқали Асылхан (38 кг) ІІ орын және Сұлтан Нұрдәулет (42 кг), Сырым Борисов( 52 кг) ІІІ орынмен марапатталды. Ал, 2005-2006 жылы туылған жасөспірімдер арасында Аманғали Әділет (32 кг), Аққойшиев Ақжол (44 кг), Қарасай Дархан (48 кг), Жұмабай Амандық (52 кг) І орыннан көрінсе, Мұратұлы Алпар (44 кг) ІІІ орынды місе тұтты. Барлық жеңімпаздар кубок, медаль және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ауданнан басталған бәсеке ендігі жерде ауқымын кеңейтіп, келешекте халықаралық дәрежеде өткізу жоспарлануда.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Cуреттер автордікі