Аудандық мәдениет үйі есептік концертін берді

(0 Votes)

Сахнасында сан түрлі өнерпаздардың жолы тоғысқан Мақат аудандық мәдениет үйінің халыққа ұсынып келе жатқан татымды дүниесі аз емес. Өткен жыл тек ақ халатты жандарға ғана емес, мәдениет пен өнер саласындағыларға да оңайға соқпады. Қаңыраған залдағы қошеметсіз концерттер онлаин форматта жалғасын тапқалы қашан. "Көппен көрген - ұлы той" демекші халық бұған да қанағат тұтып, ыстық ықыласын экранның арғы жағынан лүпілімен жеткізіп жүр.

Көрерменсіз өткен кезекті кеш "Біз сіздерді жақсы көреміз" атты есептік концертпен жалғасын тапты. Көркемөнерпаздардың тың туындылары көрініс тапқан концерттік бағдарламаны "Шаттық" би тобының қыздары бастады. Сахнаның шымылдығы түрілісімен денені шымырлатып "Тұран" триосы рухты әндерін әуелете жөнелді. Артынша, Ерасыл мен Ернар атты жас  күйшілеріміз күй атасының "Балбрауынын" қос ішекпен екі дауыста  күмбірлете жөнелді.

mad-4

Күй құдіретінің тылысым күшін сөзбен салмақтау тілші түгелі классик жазушылардың да қаламына сыймайды ау сірә. Есептік кештен "Әжелер" ансамблі де қалыс қалмапты. Сахнаның төріне "Сәулем-айды" сызылтып шыққан сәтте ақ кимешекті әжелерімізден айналып-ақ кеткің келеді. Әттең, көзбе-көз тамашалайтын көрерменнің болмағанын-ай. Бұған дейін сахналық қойылымдарда түрлі образдарды сомдап жүрген ерлі-зайыпты Бекзат пен Альбина Арыстановтар бұл жолы "Биле, биле" деп ән шырқады. Әсерлі кеште ән шырқаған отбасылардың қатарында Әкімгереевтердің жанұялық ансамблі де бар. Олар да осы сәтте осал еместігін танытып баян мен гитараны домбырамен әдемі үйлестіре білді.

mad-1

Кеш соңы өткен жылдың ауыр бейнелерін көз алдымызға келтіретін керемет қойылыммен түйінделді. Алаңсыз жүрген "ақ періштені"  кенет қара түнек қоршап алды. Безілдей жөнелген жедел-жәрдемнің дабылы, жаңалықтардан үсті-үстіне беріліп жатқан жағымсыз хабарлар бәрі-бәрі осы қойылымда көрініс тапқан. "Бұл күндердің бәрі әлі-ақ артта қалар" деген ой қойылым соңындағы өлең шумақтарынан анық аңғарылып тұр. Соңғы нөмірде сахна майталмандары "Біз сіздерді жақсы көреміз" деп қосыла шырқап, қалың көрерменге деген сағынышын сазбен жолдады. Қандай қиын кезеңдер өтпесін өнер өміршең! Міне, дәл осы ойдың үддесінен шыққандай көрінді мәдениет үйіндегілер.

mad-3

Шараны аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жандарбек Абдрахимұлы қорытындылап, өнер жанашырларына арнайы алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыс етті. Концерттің бейне жазбасы өңделіп көрермендерге әлеуметтік желілер арқылы жол тартпақ.

А.САДЫКОВ
Суреттер автордан

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521