21 ақпан – Халықаралық ана тілі күніне орай Атырау облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен, әртүрлі ұлт өкілдерінің қатысуымен “Өнер Fest” мәдени фестивалі өтті.
Шара барысында түрлі этнос өкілдері ұлттық әндер шырқап, дәстүрлі билерін билеп, халық өнерін паш етті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жиын аясында қатысушылар топтарға бөлініп, түрлі кезеңдер бойынша өзара сайысқа түсті. Сонымен қатар “Мемлекеттік тілді оқыту” курсының тыңдаушылары Абай Құнанбаевтың аудармасындағы “Евгений Онегин” романынан үзінді оқып, көрерменге әдеби мұраны таныстырды. Ал “Ағылшын тілін оқыту” курсының қатысушылары “Көзімнің қарасы” әнін үш тілде орындап, шараның рухани мазмұнын байыта түсті.
- Түрлі ұлт өкілдерінің басын қосқан Өнер Fest фестивалін екінші рет ұйымдастырып отырмыз. Бұл шара – Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын жүзеге асыруға арналған игі бастама. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, халықтар арасындағы достық пен бірлікті нығайту, мәдени әртүрлілікті дәріптеу – біздің басты мақсатымыз. Сол себепті бүгінгі фестиваль сан алуан ұлт өкілдерінің өнер арқылы үндесуі, ортақ мәдени кеңістікте тіл мен өнердің тоғысуы үшін жасалып отыр, - дейді Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы басшысының м.а. Лаура Ғазизова.
Бүгінде орталықта мемлекеттік тілді 119, ағылшын тілін 132 тыңдаушы оқыса, 30 тыңдаушы орыс тілін меңгеруде. 2025 жылдың аяғына дейін мыңдаған азаматты оқыту жоспарлануда. Шара соңында орталық түлектері мен өзге ұлт өкілдері Тіл мерекесіне арнайы әзірлеген құттықтау бейнероликтерін көрсетіп, жиналғандарға жылы лебізін білдірді.