«Атырау» футбол клубының ойыншылары инклюзивті футбол секциясының қатысушыларына шеберлік сабағын өткізді

(0 Votes)

2025 жылғы 12 маусымда Атырау қаласында «UNI Football League» инклюзивті футбол секциясының қатысушыларына арналған шеберлік сабағы өтті. Шараны кәсіби «Атырау» футбол клубының ойыншылары өткізді.

Бір жыл бұрын Атырау қаласында аутизм, Даун синдромы және басқа да даму ерекшеліктері бар балаларға арналған инклюзивті футбол секциясы ашылған болатын. Бұл бастама республикалық «UNI Football League» жобасы аясында жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда секцияда 10-нан 16 жасқа дейінгі аутизм, РАС, Даун синдромы және ДЦП диагнозы бар 10 жасөспірім жаттығуда.

Жобаның ұйымдастырушылары – «Bolashak Charity» қоғамдық қоры және Қазақстан футбол федерациясы. Бас демеуші – «Freedom Holding Corp.» компаниясы, қайырымдылықты «Freedom Шапағат» қоры арқылы жүзеге асырады.

«UNI Football League» – аутизм мен Даун синдромы бар балалар мен жасөспірімдерге арналған инклюзивті футбол жобасы, ол Қазақстанда екі жылдан бері табысты іске асырылып келеді. Жоба арнайы әзірленген оқу регламентіне негізделіп, ерекше қажеттіліктері бар балалар мен жасөспірімдер үшін қолайлы жағдай жасайды. Жобаның басты мақсаты – балалар мен жасөспірімдерге сапалы спорт бағдарламасына қолжетімділік беру және олардың футбол арқылы әлеуметтік бейімделуіне көмектесу.

Жоба 2023 жылдың қарашасында Астана қаласында өткен «Bolashak Charity» қорының Қысқы қайырымдылық балы аясында басталды. Қазіргі уақытта жобаға еліміздің 9 қаласынан (Астана, Шымкент, Атырау, Ақтөбе, Семей, Қарағанды, Петропавл, Тараз, Өскемен) 111 бала қатысуда.

Жобаның міндеттері: балалар арасында өзара әрекеттесу, достық қарым-қатынас орнату және коммуникациялық дағдыларды дамыту арқылы олардың әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасау; физикалық дамуды және қозғалыс үйлесімділігін жақсарту; ерекше қажеттіліктері бар балалардың белсенді және мағыналы қоғамдық өмірге араласуына қолдау көрсету. Ай сайын «Bolashak Charity» қорының мінез-құлық сарапшылары жаттықтырушылармен кездесіп, балалардың оқу барысын, жаттығулардың сапасын және жобаның жалпы тиімділігін бақылап отырады.

Жобаға әр қалада UEFA B, C, D санатындағы, инклюзивті білім беру курстарынан өткен, ерекше балалармен жұмыс тәжірибесі бар кәсіби жаттықтырушылар тартылған. Атырау қаласындағы секцияның жаттықтырушысы – UEFA C санатындағы сертификат иегері Нуржан Касанов. Ол 2015 жылдан 2023 жылға дейін есту қабілеті бұзылған балалармен футзал саласында жұмыс істеген.

Шеберлік сабаққа «Bolashak Charity» қорының өкілдері, «Атырау» кәсіби футбол клубының ойыншылары, «Freedom Bank» Атырау қаласындағы филиалының қызметкерлері, ерекше қажеттіліктері бар балалар мен олардың ата-аналары қатысты. Қонақтар балаларға сыйлықтар мен естелік бұйымдар табыстады.

«UNI Football League» – бұл тек спорттық жоба емес. Бұл – өзгеріс жасауға мүмкіндік беретін алаң. Мұнда ерекше балалар өз әлеуетін ашып, команда мен қоғамның бір бөлігі екенін сезінеді. «Bolashak Charity» қорында біз үшін инклюзия – бұл тең мүмкіндіктер қоғамын құруға бағытталған нақты қадамдар. Бұл жоба – БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруға қосқан үлесіміздің бір бөлігі. Қазақстан футбол федерациясына, «Freedom» компаниясына және «Атырау» футбол клубына қолдау көрсеткендері үшін шынайы алғысымызды білдіреміз. Өйткені, футбол – ерекше балалар үшін жай ғана ойын емес. Бұл – қабылдауға апаратын жол», – деді «Bolashak Charity» қоғамдық қорының Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан.

«Біз елімізде спорттың дамуына үлкен мән береміз, әсіресе халық арасында кең таралған футболды қолдауға ерекше назар аударамыз. Спортты қолдау – Freedom тобының жауапты инвестициялар мен БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарын Қазақстанда жүзеге асырудағы үлесінің бір бөлігі. 2023 жылдың наурызында Freedom Holding Corp. жастар футбол лигасы QJ League-тің бас серіктесі және демеушісі болды. UNI Football League жобасын қолдау – балалар мен жасөспірімдер спортына бағытталған жұмысымыздың қисынды жалғасы. Мұндай жобалар аутизм, Даун синдромы және ДЦП бар балалардың әлеуметтенуіне және инклюзивті қоғам қалыптастыруға үлкен үлес қосатынына сенімдіміз», – деді «Freedom Bank Kazakhstan» АҚ Атырау қаласындағы филиалының директоры Бауыржан Молдашев.

«Менің ұлым Алихан 14 жаста. Оған аутизм диагнозы қойылған. Біз бұл секцияға бір жылдай уақыт қатысып жүрміз. Осы уақыт ішінде баламда үлкен өзгерістер болды: бұрын футболға қызығушылығы жоқ еді, ал қазір қуана-қуана ойнайды. Ол доп тебуді, жүгіріп ойнауды үйренді. Ерекше балалар үшін мұндай секциялар өте маңызды, өйткені олардың көбісі үйде отырып қалады, қоғаммен байланысы азаяды», – деп бөлісті Алиханның анасы Айсұлу Ескалиева.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT