Ауданымызда Атырау облысы Білім беру басқармасы Атырау аймақтық дене тәрбиесі және спортты дамыту орталығының ұйымдастыруымен «Асық ату» және «Бес асық» ойындары бойынша облыстық ұлттық мектеп лигасы болып өтті. Аталған жарыста Атырау қаласы және Құрманғазы, Махамбет, Қызылқоға, Жылыой, Исатай, Индер, Мақат ауданының оқушылары сынға түсті.
Жарыстың ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының көк туы желбіреп, әнұранымыз шырқалды. Алғаш болып сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы Айбол Долдашев жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
«Ұлттық ойындарымыз асық ату мен бес асық ойындарының бүгінгі таңда қайта жанданып жатырғанына қуаныштымыз. Осы орайда әр ауданнан жиналған оқушылар мен жетекшілерге қош келдіңіздер дегім келеді. Жеңіске лайық, жақсы ойын көрсеткен спортшыларымызды жарыс барысында бірге анықтайтын боламыз. Бәріңізге сәттілік!» - деді Айбол Темірбайұлы.
Одан соң, Атырау облысы Білім беру басқармасы Атырау аймақтық дене тәрбиесі және спорт дамыту орталығы директорының міндетін атқарушы Сания Жұматайқызы мектеп лигасы ойындарының ашылу салтанатымен құттықтап, қатысушы топтардың үздік ойын көрсетеріне сенім білдірді. Шара барысында жергілікті өнерпаздар мұң бұрала билеп, «Мен қазақпын» әнімен қатысушыларға жігер сыйлады.
Жарыстың ашылу салтанаты аяқталған соң, сайысқа сақадай сай тұрған асықшыларымыз ойынды бастап кетті. Қыздар арасындағы бес асық ойыны М.Баймұханов атындағы мектеп базасында өтсе, ұлдар арасындағы асық ату ойыны Мақат балалар жасөспірімдер спорт мектебінде ұйымдастырылды.
Аталмыш жарыстың нәтижесінде 5-6 сыныптар арасындағы бес асық ойындарынан бірінші орынды Мақат ауданының құрамасы жеңіп алса, екінші орынды Жылыой және үшінші орынды Атырау қаласының құрамасы иеленді.
Ал, 7-8 сыныптар бойынша бірінші орынды Жылыой, екінші орынды Исатай, үшінші орынды Мақат ауданы иеленді. Сонымен қатар, 9-10-11 сыныптар арасындағы бәсекеде Жылыой ауданы жеңімпаз атанса, екінші орын Мақат, үшінші орынмен Исатай ауданы марапатталды.
Ал, асық ату бойынша 5-6 сыныптар арасында Мақат ауданының құрамасы жүлделі бірінші орын иеленіп, екінші орынды Индер, үшінші орынды Қызылқоға ауданы өзара бөлісті. Одан бөлек, 7-8 сыныптар арасында Құрманғазы ауданы үздік ойын көрсетіп, жарыс жеңімпазы атанса, Индер ауданы екінші, Жылыой ауданының ойыншылары үшінші орынды місе тұтты.
Сондай-ақ, 9-10-11 сыныптар арасындағы бәсекеде Мақат ауданы қоржынды алтын медальмен толықтырып, мұнайлы мекеніміздің абыройын асқақтата түссе,екінші орынды Қызылқоға ауданы, үшінші орынды Атырау қаласының споршылары қанжығасына байлады. Айта кетейік, жеңімпаз командалар наурыз айында Шымкент қаласында өтетін республикалық кезеңге жолдама алды.
Ә.ҚАСЫМ
Суреттер автордікі