Ойламаған жерден аты жаман кесел елді жайлап, әбігерге салғанына аз уақыт болмады. Алғашқы да індетке селсоқ қарағанымызбен бүгінде вирус алқымнан алып отыр. Сондықтан қазір күн тәртібінде тұрған өзекті мәселенің бірі – вакцина. Бүгінде дертпен күрестің сенімді жолы – вакцина алу болып отыр. Тарихтан белгілі біз көптеген ауруды вакцинацияның арқасында жеңдік. Қазір тек өзіміз үшін ғана емес, жалпы адамзат үшін жауап береміз. Сондықтан, толыққанды өмір сүріп, үнемі бетпердемен жүрмей, жақын адамдардан шеттеп қалмау үшін әрине екпе салдыру маңызды. Бүкіл әлемде ұжымдық иммунитет қалыптаспайынша, біз ауруды жеңе алмайтынымыз дәлелденіп отыр.
Вакцина алу бұл әр адамның өзінің денсаулығына және қоршаған ортасына жауапкершілік таныту деп білемін. Мысалы, кейбір адамдар өзінің вирусты, яғни ауруды тасымалдаушы екенін білмеуі де мүмкін, сондықтан өзіңе де, өзгеге де зиян келтірмеу ең басты міндет деп ойлаймын. Менің ойымша осы тұстан ойланып, вакцина алу әр адамның парызы деп білемін.
Мен де өзімнің денсаулығым үшін «Спутник V» вакцинасын алдым. Алдымен аудандық ауруханаға екпе алу үшін тіркелдім. Кейін, сұраныс жібергеннен кейін, жұмыс орныма екпе пунктіне нақты уақытқа шақырту келді. Белгіленген уақытта әріптестеріммен бірге ауруханаға барып, алдымен дәрігердің тексерісінен өттік. Қан қысымымызды, жүрек соғысымызды тексеріп, денсаулығымыз қалыпты болғандықтан екпе егуге рұқсат етілді. Екпе егу бөлмесінде вакцина қабылдап, тынығу бөлмесінде 30 минут дәрігерлердің бақылауында болдық. Басқалар айтып жатқандай дене қызуының көтерілуі, ауырсыну деген менде болмады.
Әрине басында әлеуметтік желілердегі әртүрлі алып-қашпа әңгімелер үрей тудырғаны рас. Айналамдағы адамдар да «қой алма, қайтесің...» деген пікірлер айтты. Дегенмен, өз денсаулығымды алға қойып, балаларымды ойлап вакцина алуға бел будым. Өйткені, мен адамдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайтын болғандықтан отбасыма қауіп төндіргім келмеді.
Қазіргі уақытта вакцина қабылдағаныма 4 айға жуық уақыт болды. Денсаулығым бір қалыпты. Балабақшалардың, мектептердің дәстүрлі оқыту форматына көшуі мұғалімдердің вакцина алуына байланысты болып отыр. Білім саласында қызмет ететіндіктен мен оқушылардың мектепте білім алуына кедергі келтірмей, вакцина алу бір міндетім деп білдім. Сондықтан, өзіңіз үшін, ел үшін барлығыңызды да вакцина алуға шақырамын!
А.СӘРСЕНБАЕВА,
аудандық білім беру бөлімінің әдіскері