Жақында аудандық орталық аурухананың мәжіліс залында «Sizge Dari Darmek» жобасы аясында облыстық «Заманауи» қоғамдық қорының төрағасы Асман Аманжолұлы дәрігерлермен кездесу өткізді. Аталған кездесуге «Халық» бақылау тобы мен қоғам белсенділері де қатысты.
Жиын барысында аурухананың дәрілік заттар және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілуі бойынша мәселелер талқыланды.
Атап айтқанда, жаңа пациенттерді динамикалық бақылауға алған кезде дәрі-дәрімектермен және медициналық өнімдермен қамтамасыз етудегі ең маңызды мәселелердің қарастырылуы сөз болды. Одан бөлек, белгілі бір дәрілік заттармен қамтасамыз етуде халықаралық патенттелмеген дәрі атауы мен әртүрлі өндірушілердің дәрілік атауларынан қиындықтар, дәрі-дәрмектермен және медициналық бұйымдармен уақытылы қамтамасыз етудің кешігуі қаншалықты жиі болатындығы туралы сұрақтар қойылды. Сонымен қатар, балалар мен ересектер арасында диагнозына байланысты дәрілік препаратты жазып берген соң жас категориясына байланысты сәйкессіздіктер қаншалықты орын алатындығы және науқастар рецепт жазуды электронды жүйеге ауыстыруға қаншалықты дайын екендігі, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және тағы да басқа осы бағыттардағы мәселелер көтерілді. Бұл ретте аурухана мамандары да тиісінше жауап беріп, өз тараптарынан әртүрлі ұсыныстарын жеткізді.
Жиын соңында облыстық «Заманауи» қоғамдық қорының төрағасы Асман Аманжолұлы барлық айтылған ұсыныстар мен мәселелерді алдағы уақытта Үкіметке жолданатындығын, сондай-ақ, облыс әкімдігіне жеткізілетіндігін айтты.
Ә.ҚАСЫМ
Суреттер автордікі