Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бүгін барлық қазақстандық ата-аналарға балаларын қызылшаға қарсы уақтылы вакцинациялауға шақырды.
«Бүгін немерем екеуміз әлемнің көптеген елдеріндегідей біздің еліміздегі қолайсыз эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, қызылшаға қарсы екпе алу үшін қалалық емханаға келдік. Сонымен қатар, Қазақстанда эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы қыркүйек айынан бастап байқалды, балалар ұзақ уақыт жабық үй-жайларда өткізетін мектепке барды», - деді министр бүгін Астана қаласының 9 емханасында.
Ол бұл инфекцияның әсіресе жұқпалы екенін, жөтелгенде, түшкіргенде ауа тамшылары арқылы тез берілетінін атап өтті.
«Сондықтан біз соңғы екі айда бұл аурудың күрт өскенін көріп отырмыз. 13 мыңнан астам адам ауырып қалды, оның 83%-ын негізінен 5 жасқа дейінгі балалар құрайды, егілмеген ересектер де бар», - деп жалғастырды Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.
Бұл жағдайда науқастардың 70%-ы егілмеген балалар. «Олардың көпшілігі, яғни 60%-ы вакцинациялаудан бас тартуға байланысты егілмегендер, медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты 18% егілмегендер, 22% егу жасына жетпегендер. Бүгінгі таңда барлығы 2013 бала, оның ішінде 30 бала ауыр жағдайда емдеуге жатқызылды», - деді министр.
А.Ғинияттың айтуынша, қызылшамен сырқаттанушылықтың өсуі аясында қосымша иммундау жүргізу туралы шешім қабылданды. Ол қаңтар айының соңына дейін созылады, вакцина жеткілікті.
«Қызылшаға қарсы профилактикалық екпесі жоқ балаларды егеміз, инфекция ошақтарында екпе алмаған байланыста болғандарды егеміз. Баршаңызды аурудан сақтану үшін емханаға шақырамыз», - деді министр.
Денсаулық сақтау министрі инфекциялық аурудың салдары туралы ескертті.
«Қызылша пневмония, түрлі қабыну, отит секілді, соқырлыққа дейін қауіпті асқынуларға әкелуі мүмкін. Бүгінгі таңда қызылшаны емдеудің өзіне тән емі жоқ, сондықтан мұндай қауіпті инфекциядан сақтанудың жалғыз жолы - тек вакцинациялау. Вакцинаның өзінен қорықпау керек, ол тексерілген, біз оны жыл сайын ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес қолданамыз», - деп қорытындылады ведомство басшысы.
Вакцинациялау ережелеріне сәйкес иммундау педиатр баланы тексергеннен кейін ғана жүргізіледі, оған анамнез жинау, температураны өлшеу, егілетін адамның жағдайын бағалау кіреді, содан кейін егуге ақпараттандырылған келісімге қол қойылады. Әрі қарай, иммундаудан кейін 30 минуттың ішінде егілген нәресте дәрігерлердің бақылауында болады.
Қызылшаға қарсы профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес біздің елде жоспарлы түрде екі рет егілетінін естеріңізге сала кетейік: бала алғашқы егуді 12-15 айлығында, екіншісін - 6 жаста алады.
Ағымдағы жылы ДМИ шеңберінде вакцинациялау халықтың мынадай топтарына: 6 айдан бастап 10 ай 29 күн болған балаларға, 2 жастан бастап 4 жас 11 ай 29 күн болған балаларға, сондай-ақ бұрын егілмеген медицина қызметкерлеріне (55 жасқа дейін), профилактикалық егпе алмаған 18 жасқа дейінгі адамдарға жүргізіледі.