Анықталған науқастардың 1649-да симтомдық белгілері жоқ. Бұл туралы Атырау облыстық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова айтты.
COVID-19 инфекциясын жұқтырғандардың 1457-сі Теңіз кенішіндегі қызметкерлерден анықталған. Ал, қала бойынша -1069 жағдай тіркеліп отыр. Тиісінше, аудандардағы ахуал да көңіл көншітпейді. Нақтырақ айтқанда, Жылыойдан-351, Мақат-32, Құрманғазы-72, Қызылқоға-76, Исатай-45, Махамбет-26 және Индер ауданынан 82 науқастың КВИ жұқтырғаны белгілі болды. Ал, өңірде аталған індеттен қайтыс болғандардың саны 21 адамды құрап отыр.
Өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың күрт күрделенуіне байланысты, облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова екі күндік шектеу енгізілген №51 қаулының маңыздылығына тоқталды:
- Сенбі күні таңғы 00.00-ден бастап, дүйсенбіге дейін екі күн барлық ойын-сауық орталықтарын, сауда орындарын бәрін де жабуға тура келеді. Мүмкін ел ішінде «екі күн уақыт не береді?» деген түсінбеушілік туындап жатқан шығар?! Бұл екі күнде, барлығы залалсыздандырылып, тазаланады. Әр кәсіпкер, өз кәсіптік нысанын тазалайды. Екі күнде өзге аудандарға қатынайтын көлік қозғалысы да шектеледі. Әйтсе де, халық қажеттілігін қамтамасыз ететін, үй маңындағы азық-түлік дүкендері мен дәріханалар жұмысын тоқтатпайды. Бұл ретте, әр адам тазалықты сақтап, қорғануды өзінен бастаса, бұл қауіпті індетті бірігіп жеңеміз – деді, ол.
Айта кетейік, Атырауда карантин режимі жеңілдетілгеннен кейін КВИ жұқтырғандар саны күрт өсті. Тіпті, бір тәулікте науқас саны бірден 400-ге жеткен. Жоғарыда аталған қаулыға сәйкес, өндірістік орындарда ауысыммен жұмыс жасайтындар үшін ПЦР тестін тапсыру міндеттелді.