Дәрігерлер түсінік жұмыстарын жүргізді

(0 Votes)

«Дені саудың – жаны сау» деп дана халқымыз қалай дәл тауып айтқан десеңізші?! Себебі қаншалықты бай болсаң да, денсаулықсыз оның түк маңызы жоқ. Сондықтан біздің болашақтағы бағытымыз салауатты өмір салтын құру болуы керек. 

7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық күні. Бұл атаулы күн Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының құрылған күнінде аталып өтіледі. 1948 жылы құрылғаннан бері әлемнің екі жүзге жуық мемлекеті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше болып отыр.

Денсаулық күнін жыл сайын өткізу 1950 жылдан бастап дәстүрге айналды. Бұл күн адамдардың өз өмірлерінде денсаулықтың мәні қаншалықты зор екенін түсініп, бүкіл әлемде адамдар денсаулығын жақсарта түсу мақсатында тиісті шешім қабылдаулары үшін өткізіледі.

Атаулы күнге орай «Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы «Азаматтық орталық» КММ-сі аудан бойынша жұмысты үйлестіру бөлімінің бас маманы Жанат Жұмағалиева мен аудандық аурухана мамандары бірлескен шара ұйымдастырды. Аурухананың жалпы тәжірибелік дәрігері Мардан Жанділдә және салауатты өмір салтын қалыптастыру кабинетінің мейірбикесі Айгүл Мұсағалиева Мақат кенті әкімі аппаратының қызметкерлеріне денсаулықты күту шаралары бойынша түсінік жұмыстарын жүргізді.

«Денсаулыққа әсер ететін басты факторлар деп: уақытымен ұйықтау, дене жаттығуларын жасау, суды көп мөлшерде ішу және дұрыс тамақтануды айтар едім. 35-40 жастан бастап көп адамдарда артериялық қысым пайда болады. Майлы және ет тағамдарын, тұзды тағамдарды көп қолдану денедегі холестериннің ыдырап кетуін баяулатып, қан құрамындағы холестериннің жоғарылауына алып келеді. Ол қан тамыры ішіндегі жасушаларды өзгеріске ұшыратады. Қанның ішіндегі тұнбалардың көбеюі мен холестериннің жоғарылауы түрлі ауруларды қоздырады. Сонымен қатар, салауатты өмір салтын ұстану да күн тәртібімізден түспеуі керек. Кешкі уақыттағы серуеннің өзі адамға берер пайдасы зор. Осындай негізгі принциптерді ұстансақ ұзақ жасауымыздың мүмкіндігі артады»,- деп атап өтті Мардан Сәбитұлы. Ал мейірбике Айгүл Дүйсенқызы өз кезегінде барлық жиналғандарға тақырыпқа байланысты жадынамалар таратты.

А.Есжан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521