Шілде айы бойы елімізде жұмсақ тіндер мен сүйектердің ісіктері – саркомалар туралы халықты хабардар ету шаралары өтеді.
Осыған орай, аудандық орталық ауруханада саркоманың алдын алу бойынша Ашық есік күні өтуде. Акция аясында тұрғындар орталықтың жетекші мамандарынан кеңес алып, тексеріле алады.
Сондай-ақ, профилактикалық жұмыстар аясында аудандық аурухананың салауатты өмір салтын қалыптастыру кабинетінің ұйымдастыруымен аудандық балалар кітапханасының ұжымына түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Шара барысында «саркома» дертін түсіндіру арқылы оның даму процессінің мерзімі және қалай қатерлі ісікке айналатыны туралы айтылды. Бұндай жағдайдың алдын алу үшін бесіктегі баладан, төрдегі қариядан бастап денсаулықты тексертіп, скрининг бағдарламасынан өтіп тұру туралы кеңес берілді.
Айта кетейік, саркома – бұлшықеттер мен сүйектерде дамитын қатерлі ісік түрі. Қазақстандағы онкопатология құрылымында ол 2-2,5 пайызды ғана алады. Саркоманы ерте сатысында емдеу өте маңызды, себебі бұл күрделі патология. Саркома үлкен өлшемге жеткенше – ол адамға ешқандай қолайсыздықты тудырмауы мүмкін. Бұл көбінесе тіндерде өте терең жатқан кейбір түзілімдер болуы мүмкін. Адамдар өте қатты ауырсынуды сезген кезде ғана дәрігерлерге жүгінеді.
Өз тілшіміз