Індетпен күресудің басты құралы – вакцина екені ғылыми тұрғыда дәлелденіп, екпе қабылдау жұмыстары жүргізілгеніне де төрт айдан астам уақыт өтті.
Бастапқыда әлеуметтік желідегі сан алуан ақпарат халықты шатастырса, бүгінде вакцинациялау жұмыстары бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарының белсенді жүргізілуіне орай екпе алушылардың саны артып келеді. Әрбір азаматтың өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттыру үшін жергілікті атқарушы орган басшылары мамандармен бірге еңбек ұжымдарында түсінік жұмыстарын жүргізуде.
Аудан әкімінің орынбасары Оксана Айкашева және аудандық аурухана директорының орынбасары Рыскүл Тайшекенова, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Анаргүл Асанова маусым айынан бастап «Атырау Жарық жүйесі» мекемесі, Доссор балалар және жасөспірімдер спорт мектебі, «Қазпошта» АҚ, Қазынашылық мекемесі және Мемлекеттік кірістер басқармасы аудандық филиалдары, «Доссормұнайгаз» ӨБ қарасты «Шығыс Мақат» кен орынында болып, қызметкерлерге екпенің тиімділігі туралы түсіндірді. Бұл халықтың саулығын сақтау, қалыпты өмірге көшуге көп боп күресу үшін жасалып жатқан қадам.
Ел арасындағы түрлі қауесеттер өкінішті жағдайларға алып келіп отырғанын жеткізген олар әр азаматтың өз саулығы, жақынының, ұжымының, одан қалды қоғамның саулығын сақтап қалуға жауапкершілігін қалыптастыру керектігін айтты.
Рас, бір үміт, бір күдігі басым адам әзірге нақты шешімге келе алмай жүр. Бірі – сенеді, ендігісінің сенгісі жоқ. Осылай жүргенде дерттің дендеп кетуі артпаса игі. Әрине, екпе алу әркімнің өз еркі дегенмен, күннен-күнге күшейіп, өкінішті жайттарға алып келіп отырған індетті жеңу үшін әрбір азамат екпеге енжар қарамауы керек.
Бүгінде 3 ақпан мен 9 маусым аралығында 1338 адамға «Спутник V», «QAZVAC» вакциналарының І компоненті 1493 адамға егілді. Ал вакциналардың ІІ компонентін 485 адам алған. Айта кетейік, ауданда барлығы 2 стационарлық және бір жылжымалы вакцинация пункті жұмыс істейді.
Бүгінде аудан бойынша covid-19 індетін жұқтырғандар саны –119-ға жетіп отыр. Оның 48-і Мақат кентінің, 67-сі Доссор кентінің, 4-еуі Бәйгетөбе ауылдық округінің тұрғындары. Бүгінде аудандық орталық аурухананың инфекциялық бөлімшесінде 11 науқас ем қабылдауда.
М.Ізтұрғанова
Сурет: ашық дереккөз