Әлемде АИТВ инфекциясын 38 миллионнан астам адам жұқтырған. Оның 330-ға жуығы Атырауда өмір сүріп жатыр. Бұл облыстағы ЖИТС пен күрес және алдын алу орталығы берген мәлімет. Бұрын атын естісек алыстан қашатын аурудың бұл түрі ауыздықталмаса да заманауи медицинаның көмегімен науқастың өмір жасын ұзартуға мүмкіндік бар екен. Біз сөзге тартқан Атырау облыстық ЖИТС пен күрес және алдын алу орталығының бөлім меңгерушісі Әсем Қанатқызы Серікбаева осылай деді.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қазақтың аталы сөзі айтылған жерде қалып жатқандай. Өйткені, абайсызда ауру жұқтырып, өзін де, өзгенің де тағдырын тәлкек еткен талай пенде жер басып жүр.
«АИТВ алғаш рет 1960 жылдан тарала бастаған. Жұқпалы дерт Қазақстан аумағына сексенінші жылдары келсе, ауруға шалдыққан алғашқы атыраулық 1993 жылы анықталыпты. 13 адам ЖИТС-тен көз жұмған. Бүгінде облыстық ЖИТС орталығында АИТВ инфекциясын жұқтырған 328 адам диспансерлік есепте тұр. Бұрындары АИТВ-ЖИТС дертіне нашақорлар, есірткі қолданатындар шалдықса, қазір заманауи мекемелерде қызмет атқарып жүрген азаматтар арасынан да анықталып отыр. Оларды жүзіне қарап қандай сырқат екенін ешкім де айыра алмайды» - дейді Ә.Серікбаева.
Өткен жылмен салыстырғанда биыл облыста АИТВ инфекциясын жұқтырғандар саны азайған. Жыл басынан бері 17 адам анықталыпты. Ал, былтырғы жылы 4 ай ішінде 25 адам тіркелген. Орталық өкілдері мұндай көрсеткішке АИТВ/ЖИТС-тің алдын алуға арналған жұмыстардың жанданып, кәсіпорын, мекемелерде түсіндіру іс-шараларының жүйелі жолға қойылғаны арқасында қол жеткізген.
ХХ ғасырда АИТВ инфекциясы емделмеген жағдайда ЖИТС сатысына ұласып, дүние жүзінде көптеген жанға қасірет әкелсе, қазіргі уақытта заманауи дәрі-дәрмектердің арқасында дертті уақытында анықтауға мүмкіндік бар. Ал, үздіксіз ем науқастың өміріне төнген қауіпті сейілтеді, нәтижесінде сапалы әрі ұзақ өмір сүруге болатынын алға тартады ақ халаттылар.
«Егер отбасы мүшелерінің бірінен АИТВ-инфекциясы анықталса, ол өмір тоқтады деген түсінік емес. Қарапайым гигиеналық ережелерді ұстанса, айналасындағыларға АИТВ дертінен қауіп жоқ. Дегенмен жұғу жолдарын білу маңызды. АИТВ инфекциясы қан арқылы, жыныстық қатынас арқылы жұғады. Сонымен қатар, анадан балаға беріледі. Әр адам қарапайым қағидаларды есте сақтағандары жөн. Отбасы мүшелерінің әрқайсысында жеке сүлгісі, тіс щеткасы, басқа да жеке гигиеналық құралдары болуы керек. Егер отбасында балалар болса, оларға өзгенің гигиеналық құралдарын қолдануға болмайтындығын міндетті түрде түсіндірген жөн. АИТВ жұқтырған адам пайдаланған жуынатын бөлмені және дәретхананы пайдалануға тыйым салынбайды. Үй-жайларға арнайы дезинфекциялау құралдарын сатып алудың да қажеті жоқ. Сантехникадағы кір, қанды және қалдықтарды тұрмыстық жуу құралдарының көмегімен тазалау жеткілікті. Тазалау кезінде қолыңызды қорғау үшін тұрмыстық қолғап киген дұрыс. Есте сақтаңыз, АИТВ тамақ арқылы берілмейді. АИТВ-инфекциясы бар адам ас үйде тамақ пісіре алады немесе сізге көмектесуіне болады. Вирус жұқтырған адам қолданатын ыдыстарды бөлек дезинфекциялаудың қажеті жоқ. Ыстық сумен және барлық ыдыс-аяққа арналған әдеттегі жуғыш затпен жуудан басқа сізге ешқандай сақтық шаралары қажет емес. АИТВ киім арқылы таралмайды. Бірақ, қан, құсық, нәжіспен ластанған жағдайда ыстық су мен кәдімгі ұнтақты пайдаланып, бөлек жуған дұрыс. АИТВ күнделікті байланыс арқылы берілмейді. Яғни, науқас адаммен бірге қонаққа, кинотеатрлар мен музейлерге бару қауіпті емес. Ескеретіні, АИТВ сау тері арқылы өте алмайды. Бірақ кез келген адамның терісінде аздаған зақым болуы мүмкін. Сондықтан АИТВ жұқтырған адамның жара, басқа да тері ауруларын емдеу кезінде бір реттік қолғап қолданған жөн»,- дейді Әсем Қанатқызы.
Орталық өкілінің айтуынша, Атырау облысы бойынша АИТВ инфекциясына тексерілу тегін, ол үшін облыстық ЖИТС орталығына немесе жергілікті емханаға барып қан тапсыру (анонимді) қажет.
Өз тілшіміз