Екі жағдайда да балалардың ата-анасы вакцина алудан бас тартқан.
Өңірде соңғы 20 жылда «А» вирустық гепатит аурушандығының тұрақты төмендеуі тіркеліп, 2002-2022 жылдарды салыстырғанда аурушаңдық 26,2 есе төмендеп отыр, деп хабарлайды AtyrayPress Атырау облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне сілтеме жасап.
2002 жылы барлығы «А» вирустық гепатиттің 157 жағдайы, ал 2022 жылы 6 жағдайы тіркелді. Бұл инфекцияның төмендеуі гепатитке қарсы вакцинацияны енгізу арқылы қол жетіп отыр.
«2023 жылдың қаңтар айында облыс бойынша балалар арасында «А» вирустық гепатитінің 2 жағдайы тіркелді. Екі жағдайда ата-аналар екпеден бас тарту себебінен балалар аталған ауруға қарсы екпе алмаған. Вакцина 2 жастағы балаларға және «А» вирустық гепатиті ошақтарында қарым-қатынаста болған 14 жасқа дейінгі балаларға қарым-қатынастан кейін алғашқы 2 аптада егу жүргізіледі. Вакцинация 2 рет арасына 6 ай салып жүргізіледі» деп атап өтті мамандар.
Облыста «А» вирустық гепатитке қарсы вакцинациялау жұмыстары 2006 жылдан бастап жүргізіліп келеді. Екпе жұмысы енгізілгеннен кейін «А» вирустық гепатиті 2006-2022 жылдарды салыстырғанда 8,7 есе төмендеген.
Мамандардың айтуынша, «А» вирустық гепатитімен ауырмайдың бірден бір жолы – бұл вакцина егу.
Эльмира Мықтыбаева