ЖОЛ САЛАСЫНДА КӘСІБИ МАМАН ТАПШЫ

(0 Votes)

Қазақстандағы жолдардың сапасы жиі сыналады. Оған бірнеше фактордың әсер ететінін айтып та жүрміз. Жол құрылысына қажетті материалдардың тапшылығы, олардың сапасыздығы және аталған мәселелерден бөлек еліміздің жол саласында кәсіби мамандардың жетіспеушілігі осы саладағы ең өзекті тақырыпқа айналған.

Бұл туралы ауданға арнайы іс-сапармен келіп, білім ордаларындағы жоғары сынып оқушыларымен кездескен «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының инженері, жас маман Мейірхан Бекесов айтты. 

edc0b464-50a7-402e-aba2-8a1212ed0fd5

-Мейірхан, ауданымызға қош келдіңіз! Мектептерді аралап, оқушылармен кездесудегі мақсатыңыз не?

- Рахмет. Алдымен өзім туралы қысқаша мәлімет бере кетейін. Мұнайлы аймаққа Астанадан жақында ғана қызмет бабымен ауысып келдім. Бұл өлке маған жат емес. Жылыой ауданында туғанмын. Мектеп жасында жүргенде ата-анам елордаға қоныс аударды. Қазақ-Британ техникалық университетінің түлегімін, магистрмін. 1,5 жылдан бері Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының бас кеңсесінде қызмет еттім. Бұл мекеменің басты мақсаты – республикалық және жергілікті маңыздағы автокөлік жолдарындағы жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізу. Қазір орталық  мамандары осы негізгі бағыт пен қоса жыл сайын «2000» мектеп акциясы аясында еліміздегі орта білім беретін мектептердің жоғары сынып  оқушыларымен кездесіп, олардың мамандық таңдауына бағыт-бағдар беріп жүр. Өйткені, қазір елімізде кәсіби жолшылар аз. Мен де осы мақсатта Мақат, Жылыой аудандарындағы 16 мектепке барып, 400-ден астам оқушымен кездестім.

3312b1f7-aef2-42bc-a45b-c67b6b5cf02d

- «2000» мектеп акциясы туралы толығырақ айтып беріңіз. Қашан басталды? Мақсаты қандай?

- Акцияның мақсаты – жас буынды жол саласына қажетті мамандықтар бойынша білім алуға шақыру. Жалпы, Қазақстан нарығында жол құрылысы мамандары - құрылысшылар, механиктер, инженерлер жетіспейді. Зерттеулер көрсеткендей, аталған мамандарға деген  сұраныс бүгінде 30 мың адамды құрайды. Ал, ішкі нарыққа ұсынылатыны 500-дей ғана маман екен.  «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорынның құрылғанына 3 жылдан асты. Осы уақыт аралығында орталық өкілдері республикадағы 3560 оқушының мамандық таңдауына бағыт-бағдар берді. Бұл акция Атырау облысында да жүйелі ұйымдастырылды. Әлемдік пандемия кезінде де  орталық өкілдері жоғары сынып оқушыларымен ZOOM платформасында кездесіп, жол саласына қажетті мамандар туралы және қандай жоғары оқу орындарында білім алуға болатындығы туралы кеңінен айтты.

c6179dd1-220d-47ae-859c-9e38125ee8fd

- Кездесу көңіліңізден шықты ма? Болашақ мамандардың жол саласына қызығушылығы бар ма екен?

- Кездесуге келген оқушылардың көбі жол саласына қажетті мамандықтар туралы аз білетін болып шықты. Олардың көбі мұнай, энергетика, медицина, заң, ІТ саласын таңдап отырғандықтарын айтты. Қыздардың көбі мұғалім, дәрігер, дизайнер болғысы келеді екен. Мен оларға жол саласында бірнеше мамандықтар бойынша сұраныс жоғары екенін айтып, қызығушылықтарын ояттым. Оны кездесу кезінде қойған сауалдарынан байқадым. Жоғары сынып оқушылары жол саласындағы мамандықтарға бөлінетін мемлекеттік гранттар туралы және қандай пән таңдайтындықтарын сұрады. Қыздар да жол зертханасында еңбек етуге болатынын түсінді. Ел Президенті Қ.Тоқаев «Бәріміз білімге деген көзқарасты өзгертуіміз керек. Гуманитарлық мамандықтарға  әуестену кезеңі өтті. Техникалық мамандықтарға басымдық беру керек. Инженер-өнеркәсіп иелерінің жаңа буынын өсіру керек» деген болатын. Мен осы сөзді жас буынға жеткіздім.

e4c70194-f959-48e0-95aa-6f00d44cabf8

- Маған да қызық болып тұр, кәсіби жолшы атану үшін қандай оқу орындарында білім алуға кеңес бересіз?

- Елімізде жолшылар даярлайтын білім ордалары баршылық. Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті, Б. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол институты, Логистика және көлік академиясы (ҚазККА), Қазақ қатынас жолдары университеті, М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті,  Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті бар. Бұдан бөлек халықаралык деңгейдегі Назарбаев Университетін, Қ.Сәтпаев атындағы университетті және Атырау политехникалық университетін айтуға болады. Ал, Атырау энергетика және құрылыс колледжінде 2 жыл бұрын «Жол құрылысы» бөлімі ашылған. Бір қуанарлығы соңғы жылдары инженерлік, өңдеу және құрылыс саласына бөлінетін гранттар саны артып отыр. Мысалы, аталған мамандықтарға 2022-2023 оқу жылдарына бөлінген білім грантының саны – 17 794 екен. Бұл жоғары көрсеткіш. Ал, Белорусь, Корея, Германия, Түркия елдеріндегі жоғары оқу орындарымен жасалған түрлі меморандумдар бар. Тағы бір айта кететінім, қазір ІТ саласын таңдайтын жастар көп. Кездесуде оларды жол саласында еңбек етуге шақырдым. Өйткені, жол саласын цифрландыру күн тәртібінде тұр. Тіпті, елімізде салынып жатқан жолдарға жүргізілетін тексеріс есебін жасайтын компьютерлік бағдарламалар қажет. ІТ мамандығын бітіріп, жол саласына осындай жаңашылдықтар енгізуге болады.

366f1566-4f2e-4260-89b9-e39723b32f12

-Мейірхан Нұрланұлы, әңгімеңізге көп рахмет. Ел ертеңін ойлайтын сіздей жастар көп болсын!

 

М.IЗТУРГАНОВА

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT