Жадыра – республикалық байқаудың жеңімпазы!

(0 Votes)

Нұр-Сұлтан қаласында онлайн форматта "Қазақстан балалары шексіз әлемде" республикалық балалар мен жасөспірімдер кинофестивалі ұйымдастырылды. Елбасы Н.Назарбаев мақаласындағы  «Дарындылар елі» бағдарламасы бойынша қолға алынған дәстүрлі жоба елімізде биыл төртінші рет өткізіліп отыр.

Фестивальдің негізгі мақсаты айқын. Кино өнеріне деген қызығушылығы жоғары жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдап, рухани мәдениетін қалыптастыру.

Сәуір айында Әдістемелік орталықтың ұйымдастыруымен аталған байқаудың облыстық кезеңі өтіп, үздік жұмыс иегерлері республикалық байқауға жолдама алған болатын. Олардың қатарынан ауданымыздың оқушысы да табылды.

Ал республикалық кезеңге еліміздің түкпір-түкпірінен 170-ке жуық бала қатысқан. Соның ішінде атыраулық екі оқушы үздіктер қатарынан көрініп, жеңімпаз болды.

Айталық, сайыс қорытындысымен Бәйгетөбе мектеп-бөбекжай кешенінің 9-сынып оқушысы Жадыра Жетібай телевизиялық сюжет номинациясы бойынша І орынмен марапатталды. Жарыс жеңімпазының жетекшісі - Салтанат Тажмағанбетова.

Патриоттық тәрбие мен рухани жігерді қалыптастыруда кино өнерінің ықпалы орасан. Оған білім шыңына ұмтылған білімді жеткіншектердің озат туындылары дәлел. Мәселен, Жадыра өз сюжетінде аудан тарихында теміржолда болған өрт оқиғасы кезінде бірнеше вагонды аман сақтап қалу жолында қаза тапқан Айман Жұмашеваның ерлігін баян еткен. «Халыққа патриоттық рух сыйлайтын тұлғаның өнегелі ісін дәріптеп, кейінгі буынның мәңгі есінде қалдыру - біздің борышымыз» дейді Жадыра.

Облыс намысын қорғап, аудан мерейін тасытқан Жадыраны жеңісімен құттықтаймыз!

М.ІЗТҰРҒАНОВА

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521