Үздік бітіргендер арнайы сыйлыққа ие болды

(0 Votes)

Кеше ғана тұлымдары желбіреп, жүректері лүпілдеп мектеп табалдырығын аттаған ұл мен қыз,  бүгінде ойы толып, бойы өсіп алтын ұя-мектебімен қоштасатын кезге жетті. Қимас сәттерінің қилы кезеңге тап келетінін күтпеген түлектер, соңғы рет соғылатын қоңырауды тек өздері естіді. Қыл өтпейтін араларын амалсыз алшақтатып сап түзейтіні де дәл осы күнге тап келеді деп кім ойлаған?

Аталмыш шара әдетте Х.Санбаев атындағы орта мектепте бірінші сыныптан  он бірінші сыныпқа дейінгі шәкірттердің қатысуымен қыз-қыз қайнап өтетін. Бірақ, карантин талабы қимастық сезіміңізге де қарайын деп тұрған жоқ.

img_0129

Ата-аналарының қошеметімен ортаға беттеген түлектердің әр жеткен жетістігін жүргізушілер жіпке тізгендей етіп баяндады. Байқағанымыздай бұл білім ордасы  білімнен де, өнерден де, спорттан да толағай табыстарға жеткен түлектерден кенде емес екен. Биылғы жылы мектептен төрт сынып бойынша жетпіс түлек білім алып шыққан.

"Құлақтан үнің кетпестей, Сыңғырла соңғы қоңырау" атты атаумен өткен салтанатты жиында сөз алған  аудандық білім беру бөлімінің басшысы А.Абдолов  білім сапасына тоқталып, бұл ретте алға басушылықтың бар екенін жоққа шығармады. Алып Абайдың 175 жылдығы, Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Ж.Нәжімеденовтың 85 жылдығы секілді  тарихи оқиғаларға тұспа-тұс келіп отырған биылғы соңғы қоңырау кезінде түлектердің олардың өлеңдерінен үзінді келтіруі олардың көрегенділігінің белгісіндей сезілді.

img_0126

Құттықтау сөз кезегін алған мектеп директоры Н.Мендалиева қимастық көңілмен ақ тілегін ақтарып, түлектерге аттестаттарын тапсырды. Сондай-ақ білім ордасының атын алып, халық мұғалімі атанған Хамза атамыздың қызы Гүлжан Санбаеваның аудиоқұттықтауы тыңдалып, "Алтын белгі" және "Үздік аттестат" иегерлеріне тағайындаған қаржылай сыйлықтары табыс етілді. Түлектер атынан сөз алған Ақбаян Боранбаева да ағынан жарылып, жүрекжарды лебізін білдірді. Мың бұралған ұл-қыздарымыздың вальсінен кейін, соңғы қоңырау соғу рәсімі 11 сынып оқушыларына тапсырылды. "Сәт-сапар" деп қол бұлғаған көпшіліктің ақ батасына біз де қол жайыстық.

А.САДЫКОВ
Суреттер автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521