Мұса Баймұханов орта мектебінің география пәнінің мұғалімі Бибігүл Хайроллақызының зейнеткерлік жасқа шығуына орай мектеп әкімшілігі мен түлектердің қолдауымен «Дара жол» шарасы өтті.
«Алты Алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі…» демекші, ұстазға деген сыйластық пен құрметті түлектері көрсете білді.
Айтулы шара салтанатты түрде ашылып, игі тілектер айтылды. «Amanat» партиясының аудандық филиалының хатшысы Айбол Темірбайұлы, аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Индира Амиржанқызы мен мектеп директоры Әсемгүл Таумұрынова Бибігүл Хайроллақызының мектепке сіңірген еңбегін атап, түлектердің көрсетіп жатқан ыстық ықыласына алғыстарын білдірді.
Әрі қарай жиналған қонақтар Бибігүл Хайроллақызына арналаған география кабинетінің ашылу салтанатына куә болды. Қызыл лента қиылып, жиналған ұстаздар мен түлектер, оқушылар жаңа кабинетті тамашалады. Заман талабына сай жабдықталған кабинетті Бибігүл Хайроллақызының 2005 жылы ұшырған түлектері тарту етті.
Салтанатты шарадан соң география пәнінен 8-9 сынып оқушыларына арналған олимпиада бастауын алды.
Әрі қарай Бибігүл Хайроллақызынымен арнайы «Дара жол» атты сыр-сұхбат кеші болды. Сыр-сұхбатта өткен күндерге шегініс жасап, Бибігүл Хайроллақызының қандай ұстаз, сынып жетекші болғандығы туралы естеліктер айтылды. Оның халықтың баласын өз баласындай көретін кең жүректі нағыз ұстаз екендігін тілге тиек етті. Ал түлектері ұстазға деген алғысының шексіз екендігін жеткізіп, арнайы сыйлықтарын табыстады.
Сыр-сұхбаттан соң, бір сағатқа созылған олимпиада нәтижесі қорытындыланды. Жеңімпаздарға сыйлықтар берілді.
Ж.Қамза