Кемеңгер, ұлы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай аудандық балалар кітапханасының коворкинг орталығында «Абайды оқы, таңырқа...» атты әдеби сазды кеш өтті.
Абай Құнанбайұлының өмірі мен жырларын өскелең ұрпаққа таныту, насихаттау арқылы поэзия әлеміне жетелеуді мақсат еткен шарада Абайдың дүниеге келуі, өлеңдері, қарасөздері, әндері дәріптелді.
Кеште кітапхана меңгерушісі Б.Амирова Абайдың өмірі мен шығармашылығымен таныстырып, кітапхананың тұрақты оқырмандары Х.Санбаев атындағы орта мектебінің 4-сынып оқушылары: А.Сұлтанғали, А.Жексенбай, Ә.Мұхит, М.Қандыкерей, А.Әділхан, А.Жексенбай, А.Әлімберді, Е.Тастай, Б.Қайратұлы т.б табиғат көріністеріне арқау болған «Жаз», «Жазды күні шілде болғанда...», «Қыс», «Күз», «Қансонарда бүркітші шығады аңға...» өлеңдерін , кітапханашы Г.Елдесбаева «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» өлеңін және оныншы қара сөзін жатқа оқыды.
«Тағылымы терең тұлға» тақырыбында кітап көрмесі жасақталып, оған «Шығармаларының екі томдық толық жинағы», Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы, «Адам деген даңқым бар» атты шығармалар жинағы қойылды.
Шара соңында Абайдың композиторлығына тоқталып, шараға қатысушы оқырмандар Айжан Ерғазы «Көзімнің қарасы», Ақбаян Сағытжанқызы «Желсіз түнде жарық ай», Ақниет Ерғазы «Айттым сәлем, Қаламқас» әндерін нақышына келтіре шырқады.
Тағылымды кеш Абайдың шығармашылығына қатысты сұрақ-жауап ойынымен қорытындыланды.
Өз тілшіміз