Жаңа ғасырымыздағы дүрмекке толы екінші он жылдық табалдырығымыздан аттағалы зымыраған уақытқа қарбалас деп жүріп көзіміз ілесе алмай жатыр. "Covid-19" деп айдар таққан атышулы коронавирус шәкірттер мен ұстаздарды әсіресе төртінші тоқсаннан бастап біраз әбігерге түсіргені белгілі. Әне-міне дегенше оқу жылы да түгесіліп, маусымның сегізінші жұлдызында ауданымызда алтын ұяларынан тағы бір топ жас түлек жаңа өмірге қанат қақты.
Бұл күні М.Баймұқанов атындағы білім ордасында да карантин режиміне қатаң негізделген салтанатты шара өтті. Оқу жылындағы соңғы рет соғылған қоңырауды бұл жолы тек мектеп бітіруші түлектер мен оларды қолдауға келген ата-аналары ғана естіді. Алдымен, жиылған жұртшылықтың қошеметімен түлектер ортаға шақырылып ара қашықтығын сақтай отырып сап түзеді.
Аудандық қоғамдық шараларға белсене атсалысып жүрген Бушумов Султануайыс, Шәріп Гүлмарал, Ғарифоллаева Орынгүл секілді бітіруші түлектер ортаға көк туымызды алып шығып, әуелеп әнұранымыз шырқалды.
Аталмыш, "алтын ұядан" биылғы жылы қырық шәкірт қияға қанат қаққан екен. Оларға ақ жол тілеп сөз алған мектеп директорының уақытша міндетін атқарушы А.Таумуринова түлектерге аттестат пен қатар арнайы пәндерден алған дипломдарын тапсырды.
Шара барысында түлектер ел төңірегінде 85 жылдығы тойланып жатқан Жұмекен ақынның жырларынан шашу шашып, мектеп вальстерін биледі. Өмірдің жаңа парағын ашқалы тұрған мектеп бітірушілерге бізде ақ жол тілеп, алдағы ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғарғы бал алуына тілектестік білдірдік.
А.САДЫКОВ
Cуреттер автордікі