Доссор мәдениет үйінде «Тіл-ұлттың тірегі» атты аудандық тіл жанашырлары сайысы өтті. Халықаралық тілдер мерекесіне орай ұйымдастырылған байқау қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуді және мемлекеттік тіл саясатын насихаттауды мақсат етті. Сайысқа сегіз үміткер төрт кезең бойынша жарысты.
Тіл байқауына қатысушылар алдымен өздерін және қызметін таныстырып өтті. «Талаптыға нұр жауар» бөлімінде А.Құнанбаевтың туындыларын оқыды.
«Жүйріктен, жүйрік озар жарысқанда» кезеңінде жасырылған жұмбақты шешіп, жауабын латын қаріпінде тапты. «Суреттер сөйлейді» бөлімінде жасырылған мақал-мәтелдерді суреттер құрастыру арқылы табуға тырысты.
Кіл жүйріктен кім жүйрік шықты десек, байқау қорытындысында Х.Санбаев атындағы орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Сандуғаш Ырзаханова бас жүлдеге ие болды. О.Сарғұнанов атындағы орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Амангүл Тоқсанова І орын, №2 бастауыш мектебінің ағылшын пәні мұғалімі Айдана Аманқызы ІІ орын және «Нұрбөбек» балабақшасының тәрбиешісі Балжан Жазықбаева ІІІ орын иеленіп, топ жарды. «Болашақ» бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі Перизат Мағзомова, аудандық кітапхананың кітапханашысы Назгүл Жұмағалиева, «Балбөбек» балабақшасының тәрбиешісі Айдана Бөрібаева, Л.Шахатов орта мектебінің мұғалімі Айнұр Бөлесова алғыс хатпен марапатталды.
Байқауда бақ сынаған қатысушыларға бағалы сыйлықтар табыс етілді.
М.ІЗТҰРҒАНОВА,
суреттер автордікі