Бүгін Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласында Қанипа Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша республикалық олимпиада өтті.
Аталмыш білім сайысының басты мақсаты — тіл шеберлігін меңгерген, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар оқушыларды анықтау болды.
Республикалық олимпиада жалпы екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар эссе жазып, ой тереңдігі мен сөз байлығын сарапқа салды. Екінші кезеңде қазақ тілі бойынша терең талдау жұмыстарын орындап, білім мен біліктілік деңгейін дәлелдеді.
Осы екі кезең бойынша үздік нәтиже көрсеткен Х.Санбаев атындағы орта мектебінің 10 сынып оқушысы Диана Болатқызы жүлделі III орынды жеңіп алып, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың марапатына ие болды.
Оқушысының республикалық деңгейдегі бұл жетістігіне қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, шебер-педагог Ақжанар Жалғасбаева да дән риза.
Осылайша, республикалық деңгейдегі білім бәйгесінде аудан абыройын асқақтап, үлкен табысқа қол жеткізді.
Ж.Қамза