Бірыңғай мектеп формасына көшеміз ол көпбалалы отбасыларға оңай болмай тұр

(0 Votes)

Қазір жазғы каникул кезі. Оқушылар да, ата-аналар да балалардың демалысын қызықты өткізу қамымен жүр. Жаңа оқу жылына дайындықты бастауға әлі ерте.

Бір жарым ай біраз мәселені шешіп алуға зор мүмкіндік беретін мезгіл. Десек те, үш ай каникулдың алғашқы жартысын өткізіп алғанымызды ескерер болсақ, көзді ашып-жұмғанша келесі жартысы да өте шығары сөзсіз. Сондықтан, жаңа оқу жылына дайындықты ерте бастағаннан ұтылмасымыз анық.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жалпыға бірдей мектеп формасының жаңа стандарттарын енгізді. ҚР білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы № 26 Бұйрығымен орта білім беру ұйымдарына арналған міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар бекітілді. Құжатқа сәйкес, мектеп формасының қандай болу керектігін анықтау құқығы мектеп педагогтары мен ата-аналар еншісіне беріліп отыр.

Алдағы оқу жылының мектеп формасы өткен оқу жылының аяғындағы ата-аналар жиналысында бекітіліп те қойылды. Енді ата-аналар үшін басты мәселелердің бірі –балаларын мектепке дайындау. Көп балалы отбасына бұл мәселе оңайға соқпасы анық. Себебі, мектеп формасын дайындап, оқу құралдарымен мектеп сөмкесін толтыру біраз қаражатты қажет етері анық.

Сондықтан, мектепке қажетті форманы лайықтай беру қазірден басталса да, артықтық етпейді. Мектеп формасы жөнінде аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Әйгерім Қангереевамен сөйлескенімізде, ол оқу жылы аяқталысымен аудандағы 9 мектепте де ата-аналар мектеп формасы жөнінде жалпы жиналыста талқылап, әзірге Л.Шахатов атындағы орта мектебінен өзге мектептерде ата-аналар бірауыздан келісім бергені мәлім болды. -Мектептерге бірыңғай киім үлгісі енгізілген. Мұны мұғалімдер мен ата-аналар да бірауыздан қолдады. Психолог мамандар оқушының сабаққа түрлі-түсті киініп келуі – оның психологиясына кері әсерін тигізетінін алға тартады. Сондықтан, мектепте шәкірттің киім кию мәдениеті сақталуы тиіс.

Мектеп формасының бірыңғай талапта болғаны ең бастысы білім берудің зайырлы сипатына сәйкес болуында. Мектеп формасы оқушының сыртқы әлпетін түзейді, тәртіпке бағындырады, бір жүйеге келеді. Ата-аналар жиналысының хаттамасына сәйкес ұл балалар үшін үсті: негізгісі - жилет (күннің суық мезгілінде - пиджак, трикотаж жилет) асты: классикалық үлгідегі шалбар (ұзындығы - тобықты жауып тұрады). Ал қыз балалар үшін үсті: негізгісі - жилет (күннің суық мезгілінде - пиджак, трикотаж жилет) асты: үлгісі таңдауы бойынша белдемше(юбка). Оның етегінің ұзындығы – тізе тұсында және тізеден 5 см-ге дейін жоғары не төмен болмауы керек. Осындай үлгіні қабыл алып, ата-аналар келісімін беріп отыр.

Мектеп формасы талап бойынша үш түстен аспауы және оқушының денсаулығына зиян келтірмейтіндей ыңғайлы болуы тиіс,-дейді Ә.Қангереева. Иә, мектеп формасы – бұл тек оқушының талапқа сай киетін киім үлгісі ғана емес, балалық шақтың тәтті естеліктері, мөлдір келбетінің әдемі жиынтығы іспетті. Мектеп жасын еске алсақ, «Ақ бантик» әнінің ойға оралатыны да сондықтан болар.

Киімдер өзімізде де тігіледі

Мәселеге орай аудандық білім беру бөлімінде таяуда ғана соқырлар қоғамының мүшелерімен кездесу өтті. Басқосуда аудандық білім беру бөлімінің басшысы Еркін Сұлтанов жергілікті тігіншілердің мектеп оқушылары үшін ұсынған мектеп формасымен танысу үшін әр білім ордасынан жауапты өкіл шақыртып, ата-аналарды құлақтандыруды тапсырып отырғандығын мәлім етті. Кездесу барысында кәсіп иесі ең төменгі бағадағы киім үлгісін ұсынды. Шалбар, белдемше, жилет табиғи үлгідегі матадан тігілетін болады. Бұл жөнінде мүгедектер қоғамының басшысы Тыныштық Есжанова матаның Түркіменстан елінен екендігін айтты. Сонымен бірге, теріге жұмсақ әрі киген кезде аса жайсыздық тудырмайтындығын атап өткен кәсіп иесі бастауыш сынып оқушылары үшін (өлшемі кіші болғандықтан) 5000 теңгеден басталып, ең жоғары баға 9000 теңгеге дейін жететінін айтты. Ал, жейделерді қалауынша, ата-аналар өзге жерден де ала алады. Оның үстіне, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына да жеңілдік қарастырып отыр.

 Ата-аналар не дейді?

Әрине, мектеп формасымен мектепке дайындық аяқталмасы анық. Дене шынықтыру пәніне арналған спорттық киімдер ер балалар үшін (кроссовки, футболка, носки). Қыз бала үшін дәл осындай киімдерге қоса бантигі мен шұлығы тағы бар. Одан бөлек мектеп енген соң екінші аяқ киім тағы керек. Бүгінгі мәселе тақырыбына орай бірнеше ата-анамен сөйлесіп те көрген едік.

Нұржамал: -Менің мектеп жасында қызым бар. Ол жоғары сыныпта оқитындықтан, мен оған бар жақсы, сапалы киім алып беруге тырысамын. Оны ертең тамыз айында аламыз. Өткен жылғы киімдерін менің қызым қайтадан кимейді. Сондықтан бәрін де әкесі вахталық жұмыстан келген соң таңдап жүріп алып береміз. Әрине, ол үшін біз Атырау қаласына барамыз. Өйткені, өзіңіз білесіз, Мақатта таңдау мүмкіндігі жоқ. Сапалысын қаладан ғана табамыз.

Ұлболсын: -Мектептің 0-сыныбында оқыған баламды енді бірінші сыныпқа дайындаймын. Киімдерін әлі ала қойған жоқпын. Балам әлі де өсетін шығар. Тамыздың аяғына таман алсам да үлгеретін болармын. Жалпы, дайындықты әлі бастаған жоқпыз.

Гүлжайна: -Киім үлгісі қандай екенін білеміз. Оны оқу жылы аяғындағы жиналыста талқыладық. Жергілікті жердің кәсіпкерлері тігетін болса, осы бастан тапсырыс беруіміз керек. Балаларымның сыныбындағы ата-аналар бірігіп барсақ, жақсы болар еді. Шілдеде мектеп формасы дайын болса, тамызда оқу құралын алар едік. Иә, «Адам көркі шүберек» деп бекер айтылмаған. Қай ата-ана болмасын, баласының ел қатарлы киінгенін қалайды. Сөйтіп, ата-ана киім үлгісіне, сапасына және қазіргі заманауи үлгісіне қарай таңдау жасайды.

Қамқорлық акциясының аясы

Аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балалары мен жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға көмек беру мақсатында жыл сайын өткізілетін дәстүрлі «Мектепке жол» қайырымдылық акциясының шеңберінде, сол сияқты жалпыға бірдей міндетті орта білім беру қорынан көрсетілетін көмек балалардың біразын қамтитыны зор септік. Мәселен, өткен оқу жылы ауданның білім беру ұйымдарында «Менің таңдауым-балаларға көмек көрсету!» атты ұранымен «Мектепке жол» акциясы кезінде 3 012 840 теңге көлемінде жеке азаматтардан, кәсіпкерлерден, мекеме, ұжымдардан материалдық көмек көрсетіліп, оған 268 оқушының оқу құралдары және киім –кешекпен қамтылуына жағдай жасалды. Қысқасы, ерте қамдансақ та, жаңа оқу жылы таяған сәтте дайындық жүргізілсе де, отбасынан соншалықты шығын шығары сөзсіз. Бастысы, балаңызға қонымды әрі сапалы киім табу- өз қолыңызда, ата-ана!

Г.САЛИКОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521