Ай жарымдай уақыттан соң білім беру ошақтары өз шәкірттеріне есіктерін қайтадан айқара ашады. Балардың жазғы демалысында әр мектепте үлкенді-кішілі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жаңа оқу жылын жаңаша серпінмен бастауға құштар білім ұяларының бірі - Х.Санбаев атындағы орта мектеп.
Қыстың қамына қазірден кіріскен бұл ұжымның мектеп директоры Нұрия Мендалиеваның айтуынша, жылыту қазандарын өлшегіш құралдармен (монометр), өзге де керек жабдықтарымен қамтып, алдымыздағы айда генератор қондырғысын күтіп отыр екен. Мектептің ағымдағы жөндеу жұмыстарына 1 300 000 теңге бөлініп, бітуі бірінші тамызға жоспарланған әктеу, сырлау жұмыстары бұл күнде аяқталуға таяп қалған. Бір айта кетерлігі, бірнеше жылдан бері күрмеулі мәселе болып келген кәріз жүйесі осы жылы оң шешімін табады деген үлкен үміт күтілуде. Бұл ретте күрделі жөндеуге бөлінетін қаражатты күтпей-ақ, бүгіннің өзінде бірқатар жұмыстар оңтайластырылған.
"Атырау су арнасы" КМК қызметкерлері мектеп ауласының сыртқы жағындағы бітеліп қалған кәріз құдығы ішіндегі тұрбаның бойын тазалап, жөндеушілер ішкі беттегі бойын қалпына келтіруге күш жұмсап жатыр.
Маман тапшылығының алдын алу да, бір жолға қойылған. Қазіргі таңда аталмыш "алтын ұяға" орыс тілі пәнінің ұстаздары мен психолог қажет. Және биылдан бастап Н.Мендалиева дефектолог, логопед мамандарына да сұраныс білдіріп отырғанын алға тартты.Тиісінше, аудандық білім беру бөліміне қажетті мамандардың тізімі берілген. Бұл мектептен білім нәрімен сусындап жүрген шәкірттерге жаңа оқу жылында тағы бір жағымды жаңалық бар. Ол - IT кабинеті. Мұндай кабинетте білім алу бұған дейін тек Доссордағы Б.Қанатбаев атындағы орта мектептің шәкірттеріне бұйырған болса, биылдан бастап санбаевтықтар үшін де керемет мүмкіндік туғалы отыр. Себебі мектеп су жаңа құрылғылармен 6 700 000 теңгеге жабдықталған IT сыныбын жасақтап қойды.
Жаңа оқу жылына сақадай сай тұрған Санбаев атындағы мектепке жаңа оқу жылында жаңа белестер тілейміз.
А.Садыков,
сурет автордікі