Жақында Х.Санбаев атындағы орта мектебінде мұғалімдер арасында «АдияҚаздойбы» зияткерлік ойынынан облыстық семинар ұйымдастырылды.
«АдияҚаздойбы» зияткерлік ойыны - адамдардың стратегиялық ойлау, есте сақтау және логикалық қабілеттерін дамытуға бағытталған ойын. Ойынның ерекшелігі - жұптық немесе жеке ойнауға болады. Яғни, екі адам жеке-жеке немесе екі адамнан жұптасып төрт адам бірігіп ойнай алады. Бұл ойынды маңғыстаулық Амангелді Маденов көптеген ізденістер мен толассыз еңбектің арқасында ойластырып, жаңа зияткерлік ойындар қатарына енгізген болатын. 2014 жылы Маңғыстау өлкесінде танылған бұл ойын кейіннен облыстық және республикалық деңгейде өткізіліп, жаңа ойын түріне айналды.
Аталмыш семинардың ашылу салтанатына аудандық білім бөлімінің басшысы Айбол Темірбайұлы мен білім беру саласының мамандары қатысты. Алдымен, зияткерлік ойынның авторы Маңғыстау аймақтық дене тәрбиесі орталығының әдіскері Амангелді Орынбасарұлы ойын ережесін толықтай түсіндіріп, облысымыздың әр мектебінен келген мұғалімдердің қойған сауалдарына жауап берді.
Сондай-ақ ойын ережесін меңгеру біліктілігін анықтау мақсатында ұстаздар арасында командалық ойын ұйымдастырылып, жеңімпаздарға ойын құралдары тарту етілді. Семинар соңында, аудандық білім бөлімінің басшысы Айбол Долдашев аталған ойынның тиімділігін айтып өтті.
– «АдияҚаздойбы» зияткерлік ойынын мектепте оқушылар ұстаздармен, отбасында балалар ата-аналарымен ойнауға керемет ойын. Сондықтан да ата-аналарға ережесі қарапайым, стратегиялық жоспарлау мен логиканы дамытуға таптырмас ойынды балалармен үйде ойнауға кеңес беремін, - деді ол.
Айта кетейік, алғашында «ҚазДойбы» деп аталған бұл ойын маңғыстаулық ұстаз Амангелді Орынбасарұлының отбасылық төл туындысы. Оның қызы Адия аталмыш ойынды облыстық және республикалық байқауларда жоба ретінде қорғап, жеңімпаз атанған еді. Өкінішке орай, Адия 9 жасында құйрықты жұлдыздай жарқ етіп, өмірден озады. Сол себепті, «Қаздойбы» ойынының дамуына өзіндік үлесін қосқан Адияның құрметіне оның есімі қосылып, ойын «АдияҚаздойбы» деп аталып жүр.
Өз тілшіміз