51 мыңға жуық талапкер шекті балл жинай алмады

(0 Votes)

Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталды. Тапсырушылардың 51 мыңға жуығы (33%-ы) шекті балл жинай алмады. Түлектердің 76%-ға жуығы қазақ тілінде, 24%-ы орыс тілінде, 0,1%-ы (213 бала) ағылшын тілінде тапсырды. ҰБТ-ның қорытындысына қатысты осы және өзге жаңалықтар Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

Осы жылы талапкерлерге негізгі тес­тілеуді екі рет тапсыруға мүмкіндік берілді. Олар ең жақсы нәтижесін грант иелену үшін конкурсқа жолдай алады. Дегенмен үміткерлер екі мүм­кіндікте де бір ғана бейінді пәнді таң­дау­ға құқылы. Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім депар­­таментінің директоры Гүлжан Жара­сованың айтуынша, 154 мың талапкер екі мүмкіндікті есептегенде 276 мың рет тест тапсырған.

«Негізгі ҰБТ-ға қатысуға 290 мыңға жуық өтініш келіп түсті, олардың ішін­де 160 мың өтініш бірінші, 130 мыңы екінші мүмкіндікке берілген. ҰБТ қоры­тын­дысы бойынша 154 мың талап­кер екі мүмкіндікті есептегенде 276 мың рет тест тапсырды. Ерекше білім беру қажет­тіліктері бар талапкерлердің тестілеуді ыңғайлы тапсыруы үшін ҰБТ тапсыру уақыты 40 минутқа ұзартылды. Сонымен қатар олар үшін сызба және диаграммаларсыз сұрақтар жасалды. Қабылданған шаралар арқасында ерекше білім беру қажеттіліктері бар тестіленушілер саны артып келеді. Егер 2021 жылы негізгі ҰБТ-ға 90 бала қатысса, биыл олардың саны 10 есеге жуық артып, ҰБТ-ға ерекше білім беру қажеттілігі бар 811 бала қатысты. Тест тапсыру тіліне келсек, түлектердің 76%-ға жуығы қазақ тілінде, 24%-ы орыс тілінде, 0,1%-ы (213 бала) ағылшын тілінде тестілеуден өтті», деді Г.Жарасова.

Департамент директорының дерегі­не қарағанда, биыл ҰБТ сұрақтары то­лық­тай жаңартылған білім беру бағ­дар­ламасы бойынша құрастырылды. «Қазақстан тарихы» пәні бойынша кон­текстік тест тапсырмалары енгізілді. Яғни 15 сұрақтың 5 сұрағы контекстік сұрақтар, мәтінді оқып сұрақтарға жауап беру қажет. Сонымен қатар екі жыл қатарынан Қазақстан тарихы және Дүние­жүзі тарихы пәндері бойынша 100 дата бекітілді. Тестілеу барысында кездесетін даталар тек осы 100 датадан болды. Олар желтоқсан айында ашық дереккөздерге (ҰТО сайты мен әлеуметтік желілерінде) ілінген.

«Шекті балдарға тоқталсақ, «Құқық» білім беру саласы бойынша шекті балл өзгеріп, 75 балды құрады. Білім берудің басқа салалары бойынша өзгерістер жоқ. Яғни «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласы бойынша – кемінде 75 балл, «Денсаулық сақтау (медицина)» білім беру саласы бойынша – кемінде 70 балл, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» білім беру салалары бойынша – кемінде 60 балл. Ұлттық ЖОО-ға – кемінде 65 балл, ал басқа ЖОО-ға кемінде 50 балл. Ережелерге сәйкес барлық бейне­жаз­ба жыл аяғына дейін талданып, ты­йым салынған заттарды пайдалану анық­талған жағдайда, тестілеушінің балдарымен қоса білім беру грантын тағайындау конкурсының нәтижесі де жойылады», деді Г.Жарасова.

Ал Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаевтың мәлім­деуінше, тестілеу қорытындысы бойынша 103 мыңнан аса талапкер шекті балл жинады, бұл қатысушылардың жалпы санының 67%-ын құрайды. Аталған көрсеткіш өткен жылмен салыстырған­да 7%-ға жоғарылады. Тестіленушілер­дің 51 мыңға жуығы (33%-ы) шекті балл жинай алмады. Биылғы ҰБТ-ның орта­ша балы 66 балды, ең жоғары балл 139-ды құрады. 3 179 оқуға түсуші 120 балдан жоғары жинады.

«ҰБТ-ға тыйым салынған заттарды кіргізу әрекеттері мен ҰБТ ережелерін бұзу саны біршама азайғанын ерекше атап өткім келеді. Мәселен, былтыр 756 түлек ҰБТ-ға тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысса, биыл мұндай 327 жағдай тіркелді. Бұл 2020 жылы ереже бұзуға тырысқан қатысушыларды тестілеуге жібермеу туралы норманың енгізілуі мен әрбір тестіленуші үшін фрон­талды камераларын орнатумен бай­ла­нысты (Норма енгізілгенге дейін 2019 жылы тестілеуге кіргізуде 128 мың, 2020 жылы 2 522 тыйым салынған зат табылған еді. Яғни 2019 жылмен са­лыстырғанда шпаргалкалар мен смарт­фон­дарды алып кіргізуге талпынушылар саны 400 есеге азайды). Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін 322 адам аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылды. Көрсеткіштер төрт есеге төмендеген, себебі 2021 жылы аудиториядан 1 305 адам шығарылған еді», деді Р.Емелбаев.

Ұлттық тестілеу орталығы дирек­торының хабарлауынша, барлық бейне­жазбаға 31 желтоқсанға дейін талдау жасалады. Егер тыйым салынған заттарды пайдалану фактілері анықталса, талапкер білім беру грантынан айырылады. Естеріңізде болса, бұл норма 2020 жылы алғаш рет қолданылған еді. 2020 жылы бейнежазбаларды қайта қарау нәтижесінде 152 тестіленуші­нің, 2021 жылы 52 адамның нәтиже­сі жойылған болатын. Постпрокторинг нәтижесі бойын­ша қазіргі таңда 15 адам­­ның нәтижесі жойылды. 200-ден аса талапкердің нәтижелері тексеріліп жатыр. ҰБТ-ның үшінші аптасында қатысушы өзі­нің орнына басқа тұлғаны (ағасын) жіберген. ҰБТ-ға кіргізу барысында Face-ID жеке басын сәйкестендіру жүйесі бөгде адамды анықтады. Тиісті іс-шара­лар қабылданды. Былтыр мұндай 18 жағ­дай анықталған еді. Негізгі ҰБТ-2022 барысында 50 мыңнан аса адам аппе­ляцияға өтініш берген, оның 318-і өтініш қанағаттандырылды.

Egemen.kz

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521