Ауданымызда туған жердің өркендеуіне елеулі үлес қосып, қамқорлыққа зәру жандарға қол ұшын созып жүрген атымтай жомарт азаматтар жетерлік. Ел басына түскен алмағайып уақытта да айналасына жанашырлық танытқан жомарт жүректі жандар аянып қалмады. Оларға қандай құрмет көрсетсек те, артық емес.
Осыған орай, аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында жыл сайын дәстүрге айналған “Жомарт жүрек” сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Іс-шара барысында санитарлық талаптар қатаң сақталды. Басқосуда аудан әкімі Шәкір Кейкин бұл шараның мән-маңызына тоқталып, бірқатар азаматтарды дипломдармен марапаттап, естелік сыйлықтар тапсырды.
«Жомарт жүрек» сыйлығының «Ерен еріктілік» номинациясына осы уақытқа дейін қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, мұқтаж жандарға көмек қолын созып келетін «Иман жастары» еріктілер тобының жетекшісі Амандық Сисенов ие болды. Ол ауданда «Жұмадағы жақсылық» акциясын бір жылдан аса уақыт тұрақты түрде жұма сайын ұйымдастырып келеді. Сондай-ақ, балалардың емі үшін қайырымдылық турнирлерін өткізіп, қарттар және балалар үйіне тұрақты түрде көмек көрсетіп жүр.
Сонымен қатар, волонтерлік қызметтерге белсенді қатысып, көзге түскен жандар да елеусіз қалмады. Доссор кенті ауруханасындағы науқастарға 21 оттегі баллонын өз жеке көлігімен жеткізуге атсалысқан Қамбар Құрманғалиев, осы жеткізілген оттегі баллондарын техникалық қауіпсіздігін қамтамасыз еткен Нәсіпқали Дәулетбаев, сонымен қатар, Доссор кенті тұрғындарына тыныс алу құрылғыларын алуға демеушілік жасаған Дәурен Жұпқанов «Ерен еріктілік» номинациясымен марапатталды.
Ал, “Жыл тұлғасы” номинациясы белсенді азаматтық ұстаным ұстанып, әртүрлі бағыттағы кең ауқымды қайырымдылық қызметтеріне байланысты Әнуар Жеңісұлына табысталды. Ол қайырымдылық жобаларды іске асырып, аз қамтылған, көп балалы отбасыларға қайтарымсыз көмек көрсетуді жүзеге асырып келеді. Барлығы 10 қайырымдылық жарысын өткізіп, жиналған қаражатқа ауыр халдегі балаларға вертикализатор құрылғысын алып берді. Сондай-ақ, ақшалай қор жинап, ауруханаға оттегі баллондарын, тыныс алу аппараттарын, дертпен күресу жолында аянбай жүрген дәрігерлерді түскі аспен қамтамасыз етті.
Шара соңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Халенов құттықтау сөз сөйлеп, “Жомарт жүрек” сыйлығына ие болған азаматтар қандай құрметке де лайықты екенін жеткізді.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Сурет автордікі