Төскейіне мал толған Төртқұдық

(0 Votes)

Бүгінде Мақат ауданында мал шаруашылығы  қарқынды  дамып  келеді.  Жергілікті шаруалар мемлекеттік бағдарламаның көмегімен төрт-түліктің санын арттырып, ата кәсіптің ізін жалғап келеді. Оларға тіпті өндірісті аймақтағы шөптің құнарсыздығы мен ауа райының қолайсыздығы да кедергі келтірмейді. Ауданға қарасты Төртқұдық жайылымындағы үш шаруа қожалығында бүгінде мыңға жуық жылқы, бес жүз сиыр, жүз түйе, екі жүзеге жуық қой бар.

Доссор кентінің тұрғыны Сисенбай Тұрғанбаев саналы ғұмырын төрт-түлік баптауға арнаған аптал азамат. Кәсібін алғаш 2010 жылы он жылқымен бастаған оның қорасында бүгінде екі жүз жылқы, он түйе, сексен сиыр және азды-көпті ұсақ малы бар. Жыл он екі ай мал қамын жасап, суыққа ұрындырмай, аптапқа қаталатпай, бабын таба білген шаруа жақында облыс бойынша «Үздік мал өсіруші» атағын иеленді. Бұл мал шаруашылығы саласындағы   аудан тарихындағы алғашқы марапат.

img_1742

Төртқұдық жайылымы Доссор кентінен 55 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұл елді-мекеннің «Төртқұдық» деп аталуы тегін емес. Байырғы заманнан бері осы жерден қазылған төрт құдық арқылы  малшылар төрт-түлігін суарып келген.  Өкінішке орай, бүгінде  тіршілік көзі  тартылуда. Демек, өңірде мал басы көбейген сайын суға  сұраныс  арта бермек. 

img_1752

Маңдай тердің өтеуін молымен қайтарып, еңбек өнімділігін арттыруда асыл тұқымды мал ұстаудың маңызы зор. Бүгінде мұнайлы өлкеде осыны жіті түсінген шаруашылықтардың қатары артып келеді. Осы  ретте қожалық иесі Алакөлден канадалық және жергілікті ірі қараны будандастырып, асыл тұқымды құнажын алған. Сондай-ақ, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша сатып алған тұқымды жылқылары да бар.

img_1732

Қысы қатты, жазы тым ыстық өлкеде шаруаларды қинайтын түйіткілді мәселе жайылымдық жердің аздығы. Дегенмен, облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қолдауымен Қызылқоға ауданына қарасты бұл жайылымдық жерлерді Мақат ауданы аймағына қосу жұмыстары жүргізілуде. Яғни, сең қозғалды. Енді ауданға жалпы аумағы 400 мыңнан астам гектарды құрайтын ауыл шаруашылық мақсаттағы жер телімі қосылмақ.

img_1791

Қожалық заманауи технологияларды да тиімді пайдаланып отыр. Мәселен, үй-жай мен қораға қажетті электр қуаты мұнда күннен алынады.  Бұл жерге көгілдір отын да тартылған. Ұялы байланыс, ғаламтор желісі де ұстайды.

Толығырақ газетіміздің кезекті санынан оқи аласыз!

 

М.ІЗТҰРҒАНОВА

Суреттер автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT