Біздің заманымызда экология – шектеулі тіршілік көзі. Негізінен, оның шектеулі екені бұған дейін де белгілі болатын. Бірақ, шексіз көрінген шикізат қорының таяздануы күн тәртібіндегі күрделі мәселеге айналып келеді. Сондықтан да, біз, адамзат баласы аталмыш мәселеге мұқият көңіл бөлуіміз қажет. Таза ауа, құнарлы жер, ауыз су көздері мен Жер шарының атмосферасы – ең маңызды табиғат қоры болса, оның тапшылғы өзекті мәселені меңзейді.
Иә, мәселенің біздің ауданға қатыстылығы қандай? Ұшан-теңіз. Өйткені ғасырдан аса жер қойнауынан «қара алтынын» сарқып беріп келген ауданымыздың бүгінгі экологиялық ахуалы «па!» дегендей емесі анық.
"Сең қозғалды"
Қазақстандық ғалымдардың « Қарқынды өнеркәсіптік қызметі барысында адамдар табиғатқа үлкен залал келтіріп, салдарынан «бумеранг әсері» туындады. Енді табиғи ортаның құртылуынан таяқтың екінші шеті адамның өзіне тиіп отыр. Қоғам мен табиғаттың үйлесімсіз байланысы үлкен экологиялық проблемалар туындатты деуінің жаны бар.
Соңғы уақытта бұрынғы мұнай игеру кеніштерінің орнынан пайда болған «жасанды тұзды көлдердің» үстін жауып, оны қалпына келтіру жұмыстарын жүзеге асыру үшін алғашқы қадамдар да жасалып үлгерді. Мәселен, 2021 жылдың 29 қаңтарындағы газетіміздің №4 санында газеттің бас редакторының орынбасары Мөлдір Ізтұрғанованың «Тұрғындардың тілегі –тұзды сорды жою» атты мақаласы шықты. Тілшінің дәл осы мәселеге орай жазған алғашқы мақаласы емес екенін көзі қарақты біздің тұрақты оқырмандарымыз жақсы біледі. Иә, мәселеге ойыссақ.
«Осыншама уақыт Жер-Ананың игілігін көрген өлкемізді енді баптайтын уақыт келгендей. Өйткені тұрғындардың сөзінше, Доссор орналасқан қазіргі жер деңгейі артқа тастаған жүз жылға қарағанда 11 метрге дейін төмендеген. Яғни кенттегі жалтырап жатқан тұзды сорлардың аумағы сол кезден ұлғаймаса, қысқармаған секілді.
Мерейлі датаны карантинге байланысты дүркіретіп тойламасақ та, кентіміздің келбетін көркейту үшін бірқатар жұмыстар жасау керектігін ауыл азаматтары көтеріп жүр. Сол жұмыстардың бірі - жоғарыда атап өткен тұзды сорларды көму.
Өйткені кент орталығының екі бетін бөліп жатырған сордың иісінен қолқа тарылып, тыныс қиындайды. Қысты күндері ол көл болып тұрса, ал, жаздағы ыстық күндері буланып, көлдің орнын тұз қабыршығы жабады. Осылайша жел көтерілгенде шаңмен бірге көтеріліп, өкпені қабындырады. Мұны ауыл тұрғындары мәселе жүзінде көтеріп келеді. Өйткені бұл денсаулықтың сыр беруіне де өз әсерін тигізіп келеді.
Былтыр аудандық мәслихат депутаты Әділбек Идиятовтың бастамасымен ауыл азаматтарының бірігуімен, «Доссормұнайгаз» ӨБ және «Гарант Строй» ЖШС мекемелерінің қолдауымен жол деңгейінен үш метр төмендегі «көлдің» үстіне топырақ төгіп көтерілген болатын. 2100 КАМАЗ топырақ төгіліп, нәтижесінде 21000 м3 сортаң жер тегістеліп, жөнге келтірілді. Бұл жұмыстарға сондай-ақ, «Тазалық көгал» ЖШС-і және «Доссормұнаймаш» мекемелерінің де қосқан үлесі зор.
Дегенмен, бұл - тек бастамасы, осымен біте қоятын шаруа емес. Әлі жалтырып жатқан бірнеше шақырымдағы сортаң жерді көму үшін «ұзын қолды» азаматтардың көмегі қажет-ақ.
Бұл мәселе туралы Доссор кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұриден Байниязов ағамыз да қозғап, тұрғындардың тілегін жеткізіп келеді.
«..Атыраудан Құлсарыға қарай бағыт алатын республикалық маңызы бар жолдың сол жағындағы көлді құрғататын уақыт келді деп ойлаймын. Кент орталығында үлкен сор кеуіп, қазір бетінде 20 сантиметрдей тұзды топырақ пайда болды. Доссорға көбіне жел шығыс жақтан тұрады. Сол желдің әсерінен топырақ дауылмен көтеріліп, ауаны бүлдіріп, адамзатқа, жануарлар дүниесіне, тіпті өсімдіктерге де күлдей зиянын тигізуде. Осы мерейлі мерекеге орай тұрғындар атынан сұрайтынымыз: тұзды сорды көміп берсе екен. Ол көмілсе, әрі қарай жастардың жалғастыратын өз жоспарлары бар» деген еді.
Таяуда ғана Ә.Идиятов мәселені «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының жанынан құрылған «Экология» аймақтық кеңесінің отырысында көтерген болатын. Онда ғасырдан аса Доссор кенішін пайдаланып келген құзырлы мекеменің жасанды тұзды сордың орнын реттеп беруін сұраған еді.
Ә.Идиятов күні кеше ғана мәселеге орай «сең қозғалғандығын» айтты. Енді сөз жүзінде қалмай, іс жүзінде жүзеге асқанын қалаймыз.
Бұл – аудан экологиясына қатысты бір ғана мәселе. Енді 20 жылға шегініс жасап көрелік.
Ауданымыз табиғаты қатал, шөлейтті аймақ болған соң, оны «көгалдандыру» - аса үлкен шаруа.
Көшет егуге өзіміз көшейік
Сонау 2001 жылы аудан территориясында мұнай-газ зауыты салынатын болып, осы жылдың қазан айында қоғамдық тыңдау өткені есімде. АДЖИП ККО компаниясының тарапынан жасалған тыңдауда түрлі сала мамандарымен қатар, эколог та өз баяндамасын жасады. Онда жұмыстың үш кезеңіндегі , яғни құрылыстан бұрын, кезінде, одан кейінгі айнала табиғатқа әсері туралы баян етті.
Тыңдау кезінде қатысушылар тарапынан сауалдар да берілді. Алғашқы қоғамдық тыңдауда экологиялық міндеттерді орындауға жұмсалатын қаражат мөлшері, сондай-ақ, жұмыспен қамту, мамандыққа үйрету жөнінде де ешқандай міндеттемелер қабылдамағаны белгілі болды.
Жиналыс соңынан сол кездегі аудан басшысы Сәлімжан Нақпаев аудан жұртшылығы атынан бірнеше талаптарды оқып, келген тарапқа тапсырды. Онда аудан халқын жұмыспен қамту, қоршаған ортаға тигізетін зиян заттарды залалсыздандыру мәселесі қамтылды.
2002 жылдың маусым айында Атырау қаласында дәл осы зауытқа қатысты тағы бір қоғамдық тыңдау өтті. Онда да аудан территориясында мұнай-газ зауыты салынатыны жөнінде мәселе күн тәртібінде қаралды. Мұнда жергілікті халық атынан сөз алған ұстаз, ауданның құрметті азаматы Рамазан Жәшиев экология мәселесін көтергені бар-ды. Ол кезде зауытқа жер таңдалынған болатын. Ал, 2002 жылдың қыркүйегінде қоғамдық тыңдау тағы бір мәрте өтті. Айналасы бір жылдың ішінде аудан халқы облыстың экономикалық саясатында танымал болып үлгерген АДЖИП ККО туралы құлақтанып та қалған еді. Сол кездің өзінде халық пікірі екіге жарылды. Бірі - экономикаға оң ықпалы бар десе, келесілері – экологияға келер зиянынын алға тартты. Сөйтіп, бұл жолы да қойылған сауалдардың жауабы алынбады. Ол «уақыт-төрешіге» қалдырылды.
Міне, содан бергі уақытта, яғни соңғы жиырма жылдың ішінде аудан территориясына қоныстанған алпауыттардың экологиялық жағдайды жақсарту мақсатымен жасаған өздері сүйіп айтатын «арнайы жобасын» байқамаған екенбіз.
Бір кездері Атырау қаласынан Мақат ауданына дейін жолдың екі жағына ағаш отырғызылады деген жоспардың да тұрақсыздығы көрінді. 2011 жылы зауыт құрылысы маңында орман алқабы пайда болады дегенді естігенде, ауданға да көңіл бөлінетін болды деген үмітіміз де әлдеқашан өшкен. Мүмкін, аудандағы су тапшылығы кедергі болған болар дейміз, өзімізді -өзіміз жұбатып. Әрине, ауданымызда әр жылдары көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына және оны күтіп-баптау үшін бюджеттен қаражат қаралып жатқаны, оған ауданды әр жылдары басқарған басшылар бастап өз үлестерін қосып келетіні оқырмандарымызға жақсы таныс. Ол туралы жарысып жазып та келеміз.
Ашық дереккөздерден білгеніміздей, мәселен, шөл даланың жалпы аумағы 27 миллион гектарға кеңіген. Осының кесірінен адамзат жыл сайын 25 миллиард тоннаға жуық құнарлы топырағынан айырылып отыр. Әлем бойынша барлық ауыл шаруашылық жерлердің 63%-ы эрозияға ұшыраған. Жыл сайын жер бетінен 13 миллион гектар орман алқаптары жойылған.
Табиғат- ана «алмақтың да салмағы» бар екенін байқатқалы қашан дейміз-ау?!
Осының бәрі сайып келгенде, ауданымызда табиғат ресурстарын мақсатты әрі жоспарлы пайдалану, қоршаған ортаны ластанудан қорғау, оны мемлекеттік бақылау, табиғат ресурстарын дұрыс пайдалану, қорғау және қалпына келтіруге бағытталған нақты іс-шаралардың жоспарлы жүзеге асуына әкеп тірейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында: «Ата-анасымен бірге ауласына ағаш екпеген, үлкендердің жан-жануарға мейірімін көрмеген, кішкентайынан табиғатты аялауға дағдыланбаған бала өскенде туған жеріне жаны ашымайды» деген еді.
Олай болса, Мақат ауданын «көкке оранған аудан» етуге баршамыз үлес қосуға асығайық. Сонда «Тұзды сордан» да, ауылды аралаған шаңды желден де құтылармыз, бәлкім.
Г.САЛИКОВА
Сурет: ашық дереккөз