Биыл елімізде қазан айының алтыншы жұлдызында Қазақстанға АЭС салу мәселесі бойынша референдум өтеді. Бұл туралы Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті жолдауында мәлімдеген болатын.
«Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін. Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қоямын»-, деді мінбердегі сөзінде Мемлекет басшысы.
Осыған сәйкес аптаның дүйсенбісінде «Мақат мұнай және газ технологиялық» колледжінде алтыншы қазан күні өтетін жалпыұлттық референдум турасында жиын өтті.
Жиынға колледж студенттері мен қызметкерлері қатысып, «Сіз Қазақстанда атом электр стансасын салуға келісесіз бе?» тақырыбында ой бөлісті.
Басқосу барысында колледж директоры Ізтұрған Таспаев атом электр стансасының салыну турасында әңгіме өрбітіп, жиналған барлық азаматтарға референдумның маңыздылығын түсіндірді.
«Атом электр станциясын салудағы басты қажеттілік — еліміздегі электр энергиясына тапшылық мәселесін шешу болып табылады. Егер АЭС салынатын болса осындай келеңсіздіктер орын алмайды деп білемін. Әрине, ел жадында АЭС туралы жағымды дүниелер қалмады. Әлемде орын алған апаттық жағдайлар, АЭС салуға кереғар пікір қалыптастырды. Мүмкін, олда дұрыс болар. Себебі болашағын ойлаған әрбір азамат кез-келген шешімді байыпты әрі жан-жақты ізденістер нәтижесінде қабылдауы керек. Ал, бұл тұтас мемлекеттің болашағы үшін қабылданатын шешім деп білемін»-, деді колледж директоры.
Кездесу соңында жиынға қатысушылар референдум арқылы ел болашағы үшін оң шешім қабылданады деп тарқасты.
Ботакөз Асхатқызы