Жаңа жылдың алғашқы күнінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Ғұмар Дүйсенбаев пен Сағындық Лұқпанов, облыстық мәслихат хатшысы Өмірзақ Зинуллин ауданымызға арнайы ат басын бұрып, жаңадан бой көтерген бірқатар нысандармен жақынырақ танысты.
Халық қалаулылары алдымен Доссор кентіндегі жаңадан пайдалануға берілген 60 пәтерлік тұрғын үйге аялдап, тұрғындарға қажетті су, газ, жылу жүйесінің жай-күйіне қанықты.
Соңынан кент іргесіндегі кәріз суы жиналатын орынға көз тастап, аудан басшыларының қос кенттің кәріз суын орталықтандыру туралы ұсынысына құлақ түрді.
Бір кездері су қорын сақтайтын алып қазанның әдемі ғимаратқа айналғанына ауданымызға келген әр мейман таңданыс білдірмей кетпейді. Бұл жолғы қонақтарымыз да Жастар ресурстық орталығының ғимаратына таңданысын жасырмай, орталықтың жұмыс барысымен танысты. Толғандырып жүрген сауалдарын сұрастырып, ұжымның келешегіне сәттілік тіледі.
Жастар ресурстық орталығының жанынан бой көтергелі жатқан тағы бір игілікті нысан - кросфит кешені. Құрылыстың жүру барысымен жақынырақ танысқан сенаторлар жобаға оң бағасын берді.
А.САДЫКОВ
Суреттер автордікі