Жыл сайын 15 қараша күні ширек ғасырдан астам ғұмыры бар төл теңгеміздің туған күні, әрі қаржыгерлер күні аталып өтіледі.
Біз бүгін осынау айтулы мереке қарсаңында саналы ғұмырын қаржы саласына арнап, өлшеусіз еңбек еткен экономист-есепші Гүлназия Нұрғожина туралы әңгіме өрбітпекпіз. Кейіпкеріміз Гүлназия 1954 жылы Қызылқоға ауданына қарасты Миялы ауылында дүниеге келген. 1971 жылы орта мектепті аяқтаған соң, Ақтөбе сауда техникумына оқуға түсіп, оны 1973 жылы тәмамдаған.
Алғашқы еңбек жолын Қызылқоға аудандық Сауда Одағында экономист болып бастаған ол, қаржы саласы қателесуді кешірмейтін мамандық түрі екенін айтады.
«Жас маман ретінде еңбек жолымды өз ауылымнан бастауды жөн санадым. Қаржы саласы ешқандай қателесуді кешірмейді. Сол себепті бұл мамандықты таңдайтын әрбір адам нақты, әрі өзіне сенімді болуы қажет. Бір қате басылған сан сенің өміріңді түбегейлі өзгертіп жіберуі мүмкін. Сондықтан осы саланы таңдаған әрбір адам мұқият, қырағы, сондай-ақ, білімді болуы қажет», - дейді қажырлы қаржыгер.
Үнемі ізденісте жүретін кейіпкеріміз білім алу жолын 1975 жылы Алматыдағы бір жылдық ревизорлар мектебінің организатор бөлімінде жалғастырған.
Аталған оқу орнын аяқтаған соң, 1976-1995 жылдар аралығында Қызылқоға ауданына қарасты Абай совхозындағы сауда кооперативіне товаровед, кейіннен экономист-есепші болып қызметке орналасқан.
Қызметпен қатар, отбасылық өмірді қатар ала білген кейіпкеріміз 1976 жылы тұрмысқа шыққан. Бақытты некеден жеті қызбен бір ұлды дүниеге әкелген.
Кейіннен елде советтік шаруашылық тарап, тоқырау жылдары басталды. Сол таршылық заманда бірқатар жұмыс орындары жабылып, көптеген жұмысшылар жұмыссыз қалды. Бұл кейіпкерімізді де айналып өткен емес.
Десе де жұмыссыз қалдым деп мойыған ол жоқ. Әке-шешеден келген қайсар мінездің арқасында екі қолға бір күрек тауып, шиттей бала-шағаны жетілдіріп, білім алулары үшін бар күш-жігерін жұмсаған.
Білікті маман қашанда сұранысқа ие демекші, кейіпкеріміз Гүлназия 1995-1996 жылдар аралығында Қаракөл орта мектебінде есепші болып қызмет атқарды.
Одан әрі, 1996 жылы Мақат кентіне қоныс аударып, осы өңірдің өркендеуі жолында тынбай еңбек етті.
Қай жерде болмасын адал еңбек ете білген ол 1997-2015 жылдар аралығында М.Баймұханов атындағы орта мектепте есепші болып қызмет атқарып, осы жұмыс орнынан құрметті демалысқа шықты. Оның атқарған еңбегі кейінгі жасқа үлгі болмақ.
Бүгінде кейіпкеріміз екі немере, жиырма жеті жиен, екі жиеншар көріп отырған ақ жаулықты әже.
Ол адамның бар қызығы бала екенін айтып, бақытты отбасы болудың кілті өзара түсінісуде жатырғанын жеткізді.
Бізде осынау мереке қарсаңында қаржы саласының ардагеріне мағыналы қарттық тілеп, мерекемен құттықтадық.
Ботакөз Асхатқызы