Биылғы жыл – әділетті Қазақстанның іргесін қалауда шешуші жылдардың бірі болып отыр.
Ел Президентінің бастамасымен қолға алынған “Әділетті Қазақстан” тұжырымдамасының негізгі тіректерінің бірі – сыбайлас жемқорлықпен жүйелі күрес жүргізу. Сыбайлас жемқорлық – бұл тек пара беру немесе алу емес.
Бұл — мемлекеттің дамуына, қоғамның өркендеуіне кедергі келтіретін, халықтың билікке деген сенімін азайтатын қауіпті құбылыс. Ол білім беру, денсаулық сақтау, сот, құқық қорғау, мемлекеттік сатып алу сияқты маңызды салаларда кездесіп, қарапайым азаматтардың құқығын шектейді.
Биыл елімізде “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” қағидаты негізінде ашықтық пен есептілік артып келеді. Мемлекеттік қызметшілердің этикасы, адалдығы және кәсібилігі басты назарда. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірлесіп, қоғамда адалдық пен әділдікті дәріптеуде тың бастамаларды қолға алды.
Ауыл-аймақтарда да “Адалдық алаңы”, “Саналы ұрпақ”, “Парасат жолы” жобалары сәтті жүзеге асырылып, жастардың құқықтық сауаттылығы артып келеді. Жас буын жемқорлыққа қарсы мәдениетті бойына сіңіріп, әділетті қоғам құруда белсенді рөл атқаруда. Сыбайлас жемқорлықпен күрес — бұл тек мемлекеттік органдардың ғана емес, барша қоғамның міндеті. Әр азамат заңға мойынсұнып, әділетке сеніп, өз ісіне адал болса, болашағымыз жарқын болмақ.
2025 жылы еліміз сандық технологиялар мен автоматтандырылған жүйелерді кеңінен енгізіп, адами факторды азайту арқылы жемқорлықтың алдын алуда нақты нәтижелерге қол жеткізуде. Ел боламын десең – ең әуелі жемқорлықтан арылу қажет. Сонда ғана біз әділетті қоғам құра аламыз!
А.Салимов,
Мақат аудандық статистика бөлімінің бас маманы