Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Мақат ауданының Доссор кентінде болып, тұрғын үй нысандарының құрылыс қарқынын тексерді, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
Бүгінде Доссор кентінде салынып жатқан үшқабатты тұрғын үйдің құрылысы былтыр, яғни 2019 жылдың сәуір айында басталған.
60 пәтерлік тұрғын үйдің 30 пәтері екі бөлмелі, қалғаны үш бөлмелі болады. Барлық пәтерге автономдық жылыту қазандығы орнатылған.
Тұрғын үйіді аралап шыққан облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов мердігерлерге нысанды белгіленген мерзімінде беруді тапсырды.
Қазіргі таңда тұрғын үй-құрылысы жұмыстарының 95 пайызы аяқталған. Нысанды тапсыру мерзімі осы жылдың тамыз айының 25-іне жоспарланып отыр.
Айта кетелік, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов кеше Мақат және Жылыой ауданына барып, бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысқан болатын.