Карантин кезінде кейбір жұмыс орындарының уақытша қызметін тоқтатуына байланысты бірнеше аудан тұрғындарының жұмыссыз қалғаны белгілі. Бұл ретте аудандық жұмыспен қамту орталығы да қарап қалмай, жұмыссыз жандарға қайткен күнде де қарекет қылудың алғы шарттарын алға тартып бағуда.
Айталық, аптаның дүйсенбісінде орталықтың мамандары қос кент бойынша арнайы жолға шығып, жұмыссыз тұрғындарды іздестірді. Олар көпшіліктің қалың шоғырланатын аймақтарына арнайы барып, ынтасы барларға "мен мұндалап" тұрды.
80- ге жуық тұрғынға өз кеңестерін берген мамандар бұл әрекеттерін жоспар бойынша жасалынған кезекті жасандылық емес екенін ісімен дәлелдеп, табан тіреп келгендерге төмендегідей бағыттар бойынша жұмыс ұсынды.
Мақат ауданы бойынша «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол Картасы» мемлекеттік бағдарламасымен мақұлданған үш жобаның үшеуі де қолынан іс келетіндер үшін таптырмас мүмкіндік еді. Мәселен, Мақат кентішілік және Бәйге төбе ауылішілік 8,1 шақырым автомобиль және 7,2 шақырым жаяу жүргіншілер жолдарын қайта жаңғыртуға өз үлесіңізді қосамын десеңіз , орталықтың есігі айқара ашық. Кенттегі 3000 м3 ауыз су қазанын күрделі жөндеу жұмысына да еңбек адамын сұрастырып жатыр. Ал, 3 қабатты 60 үйлік құрылысына білегіңізді сыбанамын десеңіз, бетіңізден қаққалы тұрған ешкім жоқ. Айта кетейік, 3 жобаның жалпы құны -1 046 898 000 теңге. Құрылатын жаңа жұмыс орындары 404 адам. Оның ішінде жұмыспен қамту орталығы арқылы 202 адам жұмыспен қамтылады. Қазіргі таңда Мақат ауданы бойынша Мақат кентінен 3 қабатты 60 үйлік құрылысын салу жұмысы басталмақшы.
Осылайша аудандық жұмыспен қамту орталығы еңбек етемін деушілердің екі қолына бір күрегін тауып беріп-ақ тұр. Ендеше ерінбей, іске кірісейік.
А.САДЫКОВ
Сурет автордікі