Үгіт-насихат жұмысы кез келген сайлаудағы маңызды кезең болып табылады. Бұқаралық ақпарат құралдары және әлеуметтік желілер арқылы, кандидаттардың және олардың сенімді өкілдері сайлаушылармен онлайн және офлайн кездесулер, қоғамдық қабылдаулар, үнпарақтар тарату жұмыстары осы маңызды кезеңде жүзеге асады.
Бір айға созылған үгіт-насихат науқанының қорытындылайтын да кез жетті. Берілген уақытты сәтті пайдаланып, насихат жұмысын қызу жүргізген партиялар енді шешуші сәттен күдер үзбеуде.
«Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз!» атты ұранмен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатқан «Nur Otan» партиясы маңызды кезеңде өте белсенді жұмыс атқарды. Бұл жөнінде «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының сайлауалды штабының басшысы, мәслихат хатшысы Қуаныш Исмағұлов атап өтті.
Желтоқсан айының 11-ші жұлдызында «Nur Otan» партиясы Мақат аудандық филиалы жанынан аудандық сайлауалды штабы жұмысын бастаған болатын. Штаб мүшелері 17 адамнан құралған. Олар аудан тұрғындары арасында лайықты беделге ие мәдениет, білім, ғылым, бизнес, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері. Штаб жанынан өңірдің жас ұрпақтары арасында кең және белсенді үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастыруға арналған Жастар қанаты құрылды. Оған «Jas Otan» жастар белсенділері, сондай-ақ жастарымыздың сеніміне ие болған партияның жас жақтастары кіріп, үгіт-насихат жұмыстарын белсенді түде жүргізді.
Жалпы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары барысында барлығы 187 іс-шара ұйымдастырылды. Оның 80-і онлайн, қалғаны карантин жағдайына байланысты офлайн өткізілді.
Сондай-ақ, штаб жанынан қоғамдық қабылдау бөлмесі жұмыс жасап, азаматтарды кез келген сұрақтар бойынша жүгінуіне мүмкіндік жасалған болатын. Аталмыш қабылдау бөлмесінде 25 қабылдау өткізіліп, тұрғындардың талап-тілегі ескерілді. Сондай-ақ, облыс көлемінде 16 және республика көлемінде 23 шара ұйымдастырылды.
«Партияның сайлауалды бағдарламасы биылғы науқанға орай әрбір өңірге жеке дара әзірленді. Бағдарлама жасақталмас бұрын осыған дейін ұйымдастырылған праймеризде халықтан түскен өтініштер ескерілді, оған қоса жергілікті әкімдікпен жиындар ұйымдастырылып, өңірде дамытуды қажет ететін салалар бойынша жұмыстар қамтылды. Бір сөзбен айтқанда, бағдарлама сарапталып, талқыланып, даму, өрлеу қағидасын ұстанады. Барлық саладағы жетістіктерімізді әр қазақстандықпен бірге көргіміз келеді»,-дейді Қ.Исмағұлов.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
«Nur Otan» партиясының Атырау облысы, Мақат ауданының сайлау қоры қаражатының есебінен төленді