Биылғы жылы елімізде жергілікті мәслихаттардың құрылғанына 30 жыл толғалы отыр. Артқа шегінер болсақ, 1994 жылдың 7 наурызы тарихи күн болып қалды. Дәл осы күні тәуелсіз елімізде қабылданған «ҚР-ның жергілікті өкілді және атқарушы органдар туралы» Заңына сәйкес сайлау өткізіліп, тұңғыш рет мәслихаттар институты құрылды.
Дүниедегі сайланбалы өкілді қызмет саласының тарихы ертеден бастау алғанымен біздің еліміз үшін жергілікті мәслихаттардың қадамы жас болса да, демократиялық мемлекеттің қажеттіліктерін қанағаттандыру жолындағы қоғамда алатын орны бөлек.
Мұнайлы ауданымызда да 1994 жылдың 18 наурызында І шақырылған аудандық мәслихат – депутаттар жиналысының бірінші сессиясы өтіп, құрамында 15 депутаты бар құрылым өз жұмысын бастады. Алғашқы сессия шешімімен аудандық мәслихаттың – депутаттар жиналысының тұрақты комиссияларын құру туралы шешім қабылданып, төрт комиссия құрылған болатын. Сондай-ақ осы шақырылған бірінші сессияда 15 депутат мені Мақат аудандық мәслихаты депутаттар жиналысының хатшылығына сайлады. Ұйымдастыру жұмыстарын уақыт талабына сай жүргіздік. Қарап отырсам, содан бері 30 жыл уақыт өте шығыпты.
Еліміздің басындағы қиын кезеңдерде ел сеніміне ие болған, жұдырықтай жұымылып, халықтың жоғын жоқтаған, алауыздыққа жол бермей, елдегі демократияның өркендеуіне үлес қосқан 15 депутаттың бірқатары бүгінгі күні арамызда жоқ. І шақырылым депуттар құрамында: Жайберген Ғиниятов, Ерғазы Жоламанов, Орынбасар Жайкин, Победа Ещанов, Мақсот Шеркешбаев, Мақсот Сәлиев, Анатолий Өтепқалиев, Шалқар Дабысов, Жақсылық Үмбетқалиев, Құттымұрат Бәженов, Серік Өтегенов, Майра Балмағамбетова, Төлебай Көбкенов, Аманжан Бермағамбетов болған еді.
Аудандық мәслихаттың І шақырылымы еліміздің тәуелсіздік алған алғашқы жылдарына сәйкес келгендіктен, негізгі міндет – ел экономикасын көтеруге бағытталды. Шақырылым кезеңінде 24 сессия өтіп, онда жүздеген мәселе қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Депутаттардың барлығы да бекітілген жұмыстарын тиісті деңгейде атқарып, сессияға әрдайым дайындықпен келіп, белсенділік танытты. Аудандағы өзекті мәселелерді сессия отырысында қарап, оның шешу жолдарын табуға үлкен жауапкершілікпен қарады. Осылайша ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өздерінің қомақты үлестерін қосып отырды. Олардың сол кездегі Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың сара саясатын жұртқа жеткізіп, тәуелсіздікті баянды ету жолындағы еңбегін қазір кейінгі ұрпаққа үлгі етіп айтып жүрміз.
Аудандық мәслихаттың қызметін заң талаптарына сай ұйымдастыруда біршама жұмыстар атқарылды. Әсіресе, өкілді органның құжаттарының, нормативтік-құқықтық актілерінің тиісті деңгейде жасақталуына ұдайы көңіл бөлінді. Сессия материалдарын зерттеп дайындауда және тұрақты комиссиялардың жұмысын үйлестіруде, депуататтардың өкілдік қызметтерін атқаруда да өз тарапымыздан практикалық, методикалық көмектер көрсетілді.
Қызметіміз тығыз байланыста болғандықтан аудан әкімшілігінің бөлімдерімен тығыз байланыста жұмыс жасалды. Аудандық мәслихаттың сессияларына бекітуге жолданған бағдарламалар мен қаулы-шешімдердің заң талаптарына сай жасақталуына айрықша көңіл бөлінді.
1999 жылдың тамыз айында І шақырылымның соңғы 24-ші сессиясы өтті. Одан кейін аудандық мәслихаттың ІІ шақырылымына дайындық басталды. 1999 жылы елімізде «Отан» халықтық-демократиялық партиясының құрылуы ауыл халқы үшін де үлкен саяси бетбұрысты оқиға болды. Енді мәслихаттар заң шеңберінде жергілікті халықтың еркіндігі мен ерікті іс-әрекет етуін қамтитын функцияларға ие болды.
Уақыт, өмір бір орнында тұрмайды. Ол кез келген өміршең мәселелердің өзіне де жаңаша тұрғыдан қарап, дамытып, жетілдіріп отыруды қажет етеді. Осы орайда мерейлі мерекені өткере отырып, мәслихат жұмысын одан әрі дамытуға тиіспіз. Мәслихаттың мақсаты – халқымыздың игілігіне қызмет ету болғандықтан қазіргі мәслихаттың төрағасы Азамат Шаңғалаев бастаған ұжымға сәттілік тілеймін.
Орақ ДЕҢГЕЛБАЕВ,
І шақырылған аудандық мәслихат хатшысы (1994-1999) ж.ж