Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларының бірінде бұқаралық спортты дамыту мәселесіне баса назар аударған болатын. Осы бағытта ауданымызда көптеген спорттық шаралар мен жүйелі жұмыстар атқарылып жүр. Аудан орталығында көпфункционалды спорт алаңының ашылу салтанаты өтті.
Бұл спорт алаңы «ЕмбіМұнайГаз» АҚ-ы іргелі кәсіпорынның 100 жылдық мерей тойына орай мұнайшылардың кент жастарына спортпен шұғылданып, жарыстар ұйымдастыруына тартуы болатын.
Спорт алаңының ашылу салтанатындағы алғы сөз аудан әкімі Ринат Ибрагимовке берілді. Ол өз сөзінде, аудан жұртшылығын құттықтап, спорт алаңының салынуына демеушілік танытқан және де аз уақыттың ішінде құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізген мердігер мекеме басшылықтарына алғысын білдірді.
«Ауданымызда бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріліп, спорт алаңдары көбейіп келеді. Мұның бәрі жастардың спортпен айналысып, денсаулығының мықты болуына жасалған үлкен мүмкіндік. Сондай-ақ биылғы жыл Президент Жарлығымен «Балалар жылы» болып белгіленді. Бұл нысанның ашылуы – балаларымыз үшін қуаныш және салауатты өмір салтын ұстануға жасалып жатқан мүмкіндік, спортпен шұғылданатындар үшін мереке», - деген аудан әкімі Ринат Хисаұлы жасөспірімдерге алаңды бұзбай, көздің қарашығындай сақтап пайдаланады деп сенім білдірді.
Салтанатты шарада сөз алған «ЕмбіМұнайГаз» АҚ бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Қанатбек Қасымғалиев жаңадан бой көтерген спорт алаңы кент жастарының игілі үшін салынғанын айтып өтті.
Сондай-ақ қазақ мұнайының қарашаңырағына айналған іргелі кәсіпорынның ғасырлық мерейтойын кең көлемде, аудан, ауылдық округтерде де атап өту жоспарланғанын жеткізді. Басқарма басшысының орынбасарының айтуынша, қазақ мұнайының мерейлі 100 жылдығы тек мұнайшыларға ғана қатысты шара емес, жерасты байлығы халықтың ортақ қазынасы болғандықтан, игілікті әрбір тұрғын сезінуі тиіс.
-«Ембімұнайгаз» АҚ басқармасына қарасты «Доссормұнайгаз» МГӨБ-ның алатын орны ерекше. Мұнай көлемі жағынан, өндіріс көрсеткіші бойынша да алдыңғы қатардағы мекеме. Сондықтан өзіміздің мұнайшыларға да, мұнайлы аудан тұрғындарына да ризашылығымызды білдіреміз. Бүгінгі тарту етіп отырған шағын ғана нысанымызды қабыл алыңыздар,- дей келе кент жастарына алдағы уақытта түрлі жарыстарға пайдалануға берілген спорттық сыйлықтарды Мақат балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Әмірхан Жүгінісовке табыстады.
Салтанатты лента қию рәсімі аудан әкімі Ринат Ибрагимов пен «ЕмбіМұнайГаз» АҚ бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Қанатбек Қасымғалиевке жолданды. Кейін салтанатты шараға қатысушылар спорт алаңын аралап, ауыл балаларының жаңа алаңдағы жолдастық кездесуін тамашалады.
Айта кетейік, спорт алаңы заманауи үлгіде салынған. Онда шағын футбол және баскетбол, волейбол алаңдары, жаттығу жасауға арналған құрылғылар, жүгіру жолағымен қамтылып, сырты қоршаумен қоршалған. Сонымен қатар, ойын алаңы жарықтандырылып, өрнек тастар төселген. Мұнда бос уақытты тиімді өткізіп, басқа да спорт түрімен айналысуға мүмкіндік бар.
Ә.ҚАСЫМ
Суреттер автордікі