Аты жаман коронавирус инфекциясының ел аумағына таралуына байланысты дәл қазіргі уақытта еліміздің түкпір-түкпірінде қорғанудың түрлі тәсілдері, шаралары жүргізілу үстінде.
Ауданда да коронавирус қатерінің алдын алу мақсатында сақтық шаралары қолға алынып, тазалық мәселесіне баса мән берілуде. Халық көп шоғырланатын қоғамдық орындардың қауіпсіздігі жіті бақыланып, қатерлі дерттен сақтану шаралары жүйелі түрде айтылып келеді. Ауданда вирусты алдын алу үшін аумақтар мен нысандарды дезинфекциялау 21 наурыздан бері жүргізіліп келеді.
Залалсыздандыру жұмыстарын «AG Disinfection services» ЖШС-гі жүргізуде. Жұма күні бұл жұмыстың жүру барысымен танысқан болатынбыз. Қорғаныш киімін киіп, сегіз литрлі арнайы сұйықтық құйылған ыдысын иығына ілген залалсыздандырушы қызметкер алдымен жұмысын темір жол вокзалынан бастады. Вокзалдың бұрыш, іргелеріне және есіктің тұтқаларына, күту залындағы орындықтарға тазартқыш сұйықтығын шашты.
Бұл жұмыс одан әрі, аудан және кент әкімшілік ғимараттарында, «Nur Otan» ғимаратында, орталық мешітте, білім беру бөлімінде, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінде, «Туған жер» аллеясында, аялдамаларда жалғасты. Әр нысанның аумағы толық қамтылып, жаппай залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.
Коронавирус дертінен қорғану үшін сақталуы қажет гигиеналық ережелер жазылған арнайы парақшалар жабыстырылып, қажетті мағлұматтар ұсынылды. Арнайы жұмысшы топ дезинфекциялау жұмыстарының жүргізілуін және тазалық пен қауіпсіздік шараларын қатаң қадағалауда. Бұдан әрі залалсыздандыру жұмыстары тоқтамай, күнбе-күн жүргізілетін болады. Бұл - аудан тұрғындарының қауіпсіздігі үшін жасалынып отырған шара. Сондықтан тұрғындардың да барынша сақтық шараларын сақтауға шақырамыз!
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Суреттер автордікі