Қазіргі таңда облыс орталығында «Қазақша куиз», «Tez Tap», «Bas Time» интеллектуалды ойындары тұрақты түрде өтіп тұрады. Еліміз бойынша қарқынды дамып жатқан куизға атыраулықтардың ықыласы ерекше. Ал жақыннан бері дін және футболға арналған тақырыптық куиздер де ұйымдастырылуда.
Жақында өткен «I-QUP» діни куизіне 25 команда қатысты. Ерікті жастардың бастамасымен ұйымдастырылған шара «Иманғали» орталық мешітінің қолдауымен өтті. Сол жерден табылған облыстың бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы «Асыл дініміздің өркендету, рухани ағартушылық жұмыстары арқылы – қоғамда саналы тұлға қалыптастыру мақсатында жұмыс жасап келеміз. Әрине, адам оқып, білім алып, ізденуі қажет», - деді.
25 команда логика мен эрудицияны қажет ететін 6 тур бойынша сынға түсті. Облыстың түкпір-түкіпірінен имам, ұстаз, қарилар жиналған сайыста Мақат аудандық мешітінің жамағаты көптің арасынан суырылып шығып, жүлделі үшінші орынды жеңіп алды.
«Сұрақтардың барлығы қызықты болды. Ұйымдастырушыларға көп рахмет! Келесі ойындарға қалмай қатысамыз деген жоспарымыз бар», - дейді команда капитаны болған аудандық мешіттің бас имамы Біләл Сағындықов.
Қатысушылар мен демеушілерден жиналған 2 миллионға жуық қаражат «Жұлдыз» мөлтек ауданындағы медресенің салынуына жұмсалатын болады.
Айта кетейік, жуырда өткен Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ғұмырынан сұрақтар қойылған сайыста да мақаттық азамат жеңімпаз атанып, ұмра қажылығына жолдама жеңіп алған болатын. Біләл Сағындықовтың айтуынша, бұл ауданымызда қарилар мектебінің қалыптасып қалғандығының жемісі.
А. Есжан