Мұхиттың арғы жағындағы Солтүстік Америка құрлығы. Әлемдегі ең дамыған елдердің бірі болып саналатын Канада. Біз ұйқыға кеткенде оянып, біз оянғанда, ұйқыға кететін Калгари қаласы. Осы әлемнің бір шетінде өзіміздің жас жерлесіміз сұранысқа ие маман болып еңбек етуде дегенге сенесіз бе?
Иә, біздің бүгінгі «Мақат маңайынан...» айдарымызға арқау болатын Айсәуле Керікова 35 жасында-ақ мамандығының жілігін шағып, майын ішіп, канадалықтардың өзін архитектура мен дизайнға үйретуде.
Кейіпкеріміз 1988 жылдың шілде айында Доссор кентінде теміржолшылар отбасында дүниеге келген. Әкесі Байрон Керіков теміржол мекемесінде басшылық қызмет атқарса, анасы Асима Керікова осы салада инженер болып еңбек етті. Ал, ата-әжесі ауданның құрметті ұстаздары. Атасы Қадірбай Керіковтың атында Доссор кентінде көше де бар. Айсәуле бастауыш сыныптағы сауатын М.Баймұханов атындағы орта мектеп және С.Шарипов атындағы мектеп-интернатында ашады. Кейін отбасы Ақтөбеге қоныс аударуына байланысты білімін сол жақтағы №39 мектептің тереңдетілген физика және математика сыныбында оқып, орта білімді қалалық көркемсурет лицейінде алып шығады.
Бүгінгі дәрежеге жетуіне математика мен тілдерді үйренуге қызығушылығын арттырған Үміт, Зарухан, Айман, Кенже, Алмагүл, Балқия секілді ұстаздарының еңбектері зор екендігін айтады.
Кішкентайынан-ақ биік белестерге ұмтылған ару Алматы қаласындағы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясында жоғары білімді меңгереді.
Айсәуленің алғашқы еңбекке араласуы 13 жасында басталды деуге болады. Ол кездегі қызметі өзінің мектебіндегі сурет және сызу ұстазына көмектесу болған. Студенттік шақтардан бастап дизайн мен архитектурадағы білімін табыс көзі ретінде пайдаланады. Зеректігінің арқасында түрік, француз тілдерін меңгеріп, ал ағылшын тілінде еркін сөйлейді. Білікті маман атанғаннан соң Ақтөбе қаласындағы мұнай және газбен айналысатын канадалық компанияға алғашқы жұмыс орнына орналасады. Кейін өз ісінің хас шебері атануға деген ұмтылыспен Канаданың Калгари университетінде экологиялық дизайн және архитектура мамандығының иесі атанады. Сәулет-құрылыс академиясының қабырғасында жүргенде үнемі халықаралық олимпиадалардың жүлдегері атанып, ал магистратурада оқып жүргенінде АҚШ, Сингапур, Жапония және Еуропаның Франция, Белгия, Нидерландия елдерінде ғылыми конференцияларға қатысып, өзін жан-жақты дамытуын тоқтатпайды.
Кейіпкеріміздің одан кейінгі өмірі де Канадамен тығыз байланыста болады. Сол жақтағы мұнай-газ саласында қызмет атқаратын қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан ол қазір бақытты жанұяға айналып отыр. Бүгінде бірге тұратын ата-енесіне келін ретінде отбасылық міндеттерді де атқарып жүр.
Қазіргі таңда Айсәуленің Канада да академиялық ағылшын тілін үйрететін және әрі қарай бакалавриат, магистратура оқығысы келетін студенттерге оқуға түсуге көмектесетін «Учеба в Канаде» атты орталығы бар. Аталмыш орталықты 2019 жылы құрған. Орталық бүгінде Калгари университетінің заңды өкілі саналады.
«Жолдасым екеуміз Қазақстанмен қатынасты үзгіміз келмейді. Сол себепті де осында оқығысы келетін студенттерге оқу бойынша көмектесіп жүрмін. Талапты жастарға әрқашан да қол ұшымды созғым келеді. Сонымен қатар өзім оқыған Калгари университетінде келісімшартпен сабақ беремін және архитектура мен дизайн бойынша тапсырыстар қабыладаймын. Қазіргі таңда Калгари университетінде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жобаны жүзеге асырудамыз», - дейді қоғамға пайдасын тигізуге асығатын Айсәуле Байронқызы.
Осы уақытқа дейін Айсәуле 40-қа жуық студентке Калгари университетіне оқуға түсуге көмектескен. Оның ішінде қазақстандықтардан бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресейдің студенттері де бар.
Канада - білім беру жүйесі бойынша әлемде бірінші орында. Ал, Калгари университеті - әлемдегі жетекші университеттердің бірі. Дүниежүзілік университеттер рейтингі орталығы (CWUR) құрастыратын әлемдік университеттердің академиялық рейтингінде Калгари - Канада да сегізінші, әлем бойынша 190-шы орында. Сондықтанда жерлесіміздің әлемдегі үздік оқу орнында қызмет етуі, онда білім алғысы келетін отандастарына көмектескісі келетіні зор мақтаныш.
Айсәуленің Канада туралы айтқанынан білгеніміздей, Солтүстік Америкадағы бұл мемлекет - өте таза, табиғаты сұлу әрі қауіпсіз ел. Денсаулық сақтау және заң жүйесі өте жоғары деңгейде дамыған. Айлықтары қомақты, әрі жастарға мүмкіндік мол. Солтүстікте орналасқанымен жеміс-жидек өсетін, шөлді жерлері де бар. Кең территорияда 40 милиион ғана адам тұратындықтан, мигранттарға мұқтаждығы да жоқ емес. Бірақ, кейіпкеріміз ол жақтың да кемшіліктері, біз үшін таңсық нәрселері көп екендігін, сондықтан көз жұмып келе салатын жер емес екендігін айтады. Олар өздері де Канадада мәңгі тұрақтап қалатын ойлары жоқ.
Біз де топырағымыздан түлеген қабілеті мол әрі дарынды жерлесіміздің елге оралып, бар жинаған тәжірибесін Қазақстанның дамуына қосатынына сенеміз.
А.ЕСЖАН