Халқы тығыз орналасқан өңірімізде жұмыс табу оңай шаруа емес. Әсіресе, мемлекеттік қызметке орналасуда кедергілер кезігуі мүмкін.
Апта басында ашықтық пен бәсекеге қабілеттілікті қолдау, сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында бос лауазымдарға жәрмеңке болып өтті. Жәрмеңкені Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің тапсырмасына сәйкес аудан әкімдігі ұйымдастырды.
Ауданда мемлекеттік қызметкерлер саны - 87. Бүгінде аудан бойынша мемлекеттік қызметте 5 бос орын бар. Бос жұмыс орындарына арналған жәрмеңке кадр құрамын толықтыруға үлкен мүмкіндік болмақ. Жәрмеңкеге аудан әкімі аппаратының персоналды басқару кадр қызметі бөлімінің басшысы Ә.Нұржанов, аудандық қазынашылық бөлімінің басшысы А.Сүйесінова, аудандық кірістер басқармасы бөлім басшысының орынбасары А.Байниязова, аумақтық ветеринариялық инспекциясының маманы Ж.Есекенова, аудандық полиция бөлімінің кадр саясаты тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты Б.Әбділдиев қатысып, келушілерге бос орындар бойынша және мемлекеттік қызметке орналасу тәртібін, қойылатын талаптарды түсіндірді.
А.ТАУМҰРЫНОВА,
суреттер автордікі