Үңірейген құдықтар үрей тудырып тұр

(0 Votes)

Аудан көшелерінде ауыз сумен кәріз құбырларына арналған мыңға жуық құдық бар.

Осы құдықтар мәселесіне қатысты «Атырау су арнасының» аудандағы өкілі Қоныс Төлеуовтің айтуынша, аудан көшелерінде орнатылған су және кәріз құбырлары құдықтарының қақпағын ұрлау оқиғасы жиілеп тұр. Бұл бүгінде ауданда қалыпқа айналған көріністің бірі. Өткен жылы Мақат кентінде 12 қақпақ ұрланса, Доссор кентінде 23 қақпақ қолды болған. Ал, биылдың өзінде аудан бойынша 5 құдықтың ауызы үңірейіп, қақпақсыз қалған. Ашық құдықтар адам өмірі үшін қауіп тудырады. Талай қайғылы оқиғаларға сеп болып жүрген жағдайға әлі де болса, жанашырлық төмен. Сол сияқты, көлік қозғалысы үшін де қауіпті. Бірақ, қу құлқынды ойлаған «пысықайларға» тоқтам болар емес. Сұрастырып көрсек, құдық қақпақтары металл қабылдау нүктелеріне тапсырылып, біреулердің табыс көзіне айналып жүрсе керек. Бұл - мекеме үшін үлкен шығын. Өйткені, қазіргі күні бір қақпақтың құны - 7000 теңгеден басталады екен. Ал мекемеге қақпақтар ұрланған, немесе сынған жағдайда қаржы бөлініп, қайтадан сатып алуға тура келеді. Зерттеу жұмыстарын жүргізіп, кенттегі металл қабылдайтын нүктелерінен білгеніміздей, металл құны бұрын 30 теңге болса, қазіргі таңда 10 теңге өсім бар. Бұл металл тапсырушыларға жақсы мүмкіндік туса, ұрлық санының арта түсетіні алаңдатады.

Сондай-ақ, 2013 жылы кәріз жүйелер стансасының қоршауын да ұрлап кеткен. Бұл мәселе бойынша аудандық ішкі істер бөліміне арыз-шағым жазылған. Содан бері, бүгінгі күнге дейін 5 жыл өтсе де, күдіктілер анықталмай, еш нәтиже болмаған. Доссор кентінде де сенбі күні кеште металл іздеушілер мұнай құбырларын трактормен қазып, судың желісін жұлып кеткен. Салдарынан 1 тәулікке дейін апаттық жағдай орын алған. Бұл оқиға туралы барлық құжаттарды аудандық ішкі істер бөліміне жолданып, бүгінгі күні күдіктілерді іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Ал, Мақат кентінде тұрғындардың хабарлауы бойынша ескі Мақатта да құдықтың қақпағын қолды еткен. Мекеме басшылығы осындай жағдайларға куә болсаңыз, «Атырау су арнасының» кезекші 5-54-20 нөміріне хабарласуларын өтінеді. Сонымен қатар, «Атырау Су арнасының» аудандағы өкілі Қ.Төлеуовтің айтуы бойынша ауыз су мен кәріз жүйесін пайдаланушы тұрғындардың бережағы да белшеден екен. Қазіргі таңда күнделікті тұтынатын ауыз суға бережақ есебі жекелеген тұлғаларды алып қарасақ, 22 000-53 000 дейін жеткен. Әсіресе, ол әскери қызметтегі тұлғалар мен лауазымды жандар тұтынған суының ақысын төлеуді ұмыт қалдырып жүргені азаматтық арына сын. Сондықтан, жауапты азаматтар мұны мәселеге айналдырмаса екен.

А.ТАУМҰРЫНОВА.

Суреттер автордікі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521