Гүлнәр – үздік тәлімгер

(0 Votes)

Адам баласы өмірге келген күннен бастап еңбекпен тығыз байланыста болады. Себебі, шыр етіп өмір есігін ашқан сәттен бастап ана сүтін емудің өзі еңбекке жатады емес пе?! 

«Еңбек – адамның екінші анасы», «Еңбек мұратқа жеткізер», «Жалқаулық аздырады, еңбек оздырады», деген мақалдар немесе Абай ақынның «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», - деген өлең жолдары еңбектенудің адамдарға қажетті нағыз байлық екендігін көрсетеді. Ал іс-әрекетсіз бос жүру, еріншектік, жалқаулық – жаман әдет болса керек.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 қазандағы №698 Жарлығымен қоғамдағы Адам еңбегінің беделін өсіруге, өндіруші еңбекті ынталандыруға, жұмыс мамандықтарын насихаттауға және өндіріс саласына жастарды тартуға, жұмыс әулетіндегі көпжылдық дәстүрді нығайту мақсатында қыркүйектің соңғы жексенбісі «Еңбек күні» болып бекітілген еді.

Жыл сайын мереке қарсаңында дәстүрлі түрде өтетін «Еңбек жолы» байқауының облыстық кезеңінде «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясын ауданымыз бойынша биылғы жылы иемденгендердің бірі – «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының инженер-химигі Гүлнәр Көшкімбаева.

Өз ісінің шеберіне айналған маманның бұл саладағы еңбек өтілі – 35 жыл. Қазіргі мекемесінде тапжылмай 30 жылдан бері тер төгіп келеді. Табандылығының арқасында 20 шақты мемлекеттік немесе ведомстволық наградаларға, мақтау қағаздары мен алғыс хаттарға ие болған.

Гүлнар мұнайшы 1971 жылдың 26 сәуірінде қазіргі Атырау қаласында Бисен Көшкімбаев пен Қаным Досщанованың үшінші перзенті болып дүниеге келеді. Әкесі Ембіге еңбегі сіңген мұнайшы, 40 жылдан астам уақыт «Мақатмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасында оператор, шебер, инженер-технолог болып қызмет қылған. Ал анасы 30 жылдың үстінде М.Баймұханов атындағы орта мектебінде бастауыш сынып оқушыларына сабақ берген. Өзі болса бұрыңғы М.Горький атындағы орта мектепте 8 жыл тәлім алып, 1988 жылы Мұса Баймұханов атындағы орта мектебінің түлегі атанады. Кейін Ресейдегі Саратов училищесінің қабырғасынан химиялық анализ лаборанты мамандығын алып шығады. Алғашқы еңбек жолы да дипломы бойынша Саратов қаласында басталды.

20 жасында елге оралған Гүлнәр Бисенқызы 1991-1998 жылдары Атырау мұнай және газ институтының сырттай оқу бөлімінде тәлім ала жүріп жұмысын жалғастыра берді. Атап айтар болсақ, Мақат аудандық орталық ауруханасында медициналық тіркеуші, аудандық жастар кеңесінің төрағасы болып еңбек етеді. 1993 жылы «Шығыс Мақат» кен орнына мұнай анализының химиялық лаборанты болып қабылданып, 2007 жылдан лаборатория меңгерушісі, 2014 жылдан инженер-химик лауазымдарына көтеріледі.

Кейіпкеріміздің жолдасы Батырбек Оңдасынов та білікті маман. Бір жылдары Мақат аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері болған. Қазіргі уақытта Төтенше жағдай министрлігіне қарасты «Апаттар медицинасы орталығын» ММ басқарады. Үлкен қыздары Жаннагүл Алматы қаласындағы №12 клиникалық емханасында дерматолог-дәрігер, ұлдары Мәулен Атырау облысының Антимонополиялық департаментінде аналитик, кіші қыздары Нұрай Атырау қаласындағы №17 орта мектептің оқушысы.

«Менің міндетіме химиялық зертханада, мұнайдың құрамындағы әртүрлі қоспаларды, суын, тығыздығын, тұтқырлығын және тағы да басқа химиялық анализдерін анықтау жатады. Осылай қарамағымдағы лаборанттармен бірге мемлекеттік стандарттарға сай жұмыс атқарамыз. Өз білгеніммен бөлісу үшін бірнеше жыл Доссор кентіндегі колледжде тәлімгер болып, лаборант мамандығын алып жатырған студенттерді өндірістік тәжірибеден өткіздім», - дейді Гүлнәр Бисенқызы.

Білікті маман артынан ерген іні-сіңлілеріне алдымен білімге құштар болуды, өзі сүйіп қалайтын мамандықты таңдауды, еңбекте ерінбеуді және қиындықтардан қорықпауға шақырады. Тек жастар әр сәтті тиімді пайдаланып үлгі тұтар жандарынан өздеріне керегін алып қалса игі.

#EnbekEri

А.ЕСЖАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521