Ескенеліктер 90 пайыз интернетпен қамтылды

(0 Votes)

Қурап тұрған шөпке шырпы тигізсең, лап беріп жана кететіні секілді қазір әлеуметтік желіге шу шығаратын ақпарат салсаң болды, зу етіп ұлан-ғайыр даланың анау шетінен бір-ақ шығады. Оның ақ-қарасын тексеріп, ара-жігін ажыратып жатқан біреу болса ғой, шіркін.

Жақында ғана "Ақ Жайықтан" бастау алған әлгі "шатырдағы шу" "Азаттықтың" құлағына тиіп, жер-жаһанды шарлап кетті. Қазақ мұнайының қарашаңырағы атанған ауданның жалпақ жұртқа бұлайша танылуы кім-кімге болса да абырой әкелетін іс емес еді. Амал не, алаңдаймын деп ағайынның арасын арандатып ала жаздады біреулер. Сол " Ескенедегі интернет" жыры жалпы ол шуға дейін шешіліп тұрған мәселе еді. Міне, кеше ғана «Транстелеком» АҚ уәде берген мерзімінен бұрын ескенеліктерді желіге жалғады. Аталмыш мекеме мамандарының айтуынша алыстау тұрған үш үй ғана материалдың жетіспеуіне байланысты интернетке әлі қосылмаған. Алайда бұл мәселеге де жақын арада нүкте қойылып, ауыл 100 пайыз желімен қамтылмақ. Тағы бір қуантарлығы Ескенеден кейін Таскескен елді мекеніне де көп ұзамай интернет желісін тартамыз дейді олар.

index

Қазір ауылда интернет жылдамдығында мін жоқ. Аналарымызды арнайы құттықтай барған аудан басшыларымен бірге өткен сапарымызда сол жайды көзімізбен көріп, тұрғындарымызбен тағы бір тілдескен болатынбыз. "Ауызы күйген үрлеп ішеді" демекші, тілші деген атаудан тартынып қалған тұрғындар "басымыз тағы бір бәлеге ұрынбасын" деп әуелі сұхбат беруден бас тартып, мақсатымызды егжей-тегжейлі түсіндіргеннен кейін ғана келісім берді. Білгеніміздей, бәрі ойдағыдай екен. "Арғы беттегі" Дәмина әжейді аналар күнімен құттықтай барып үстел басында сабақтарын онлайн орындап отырған кішкене бүлдіршіндер мен олардың әпкелерін көзіміз шалды. Ақылбек пен Сұлтанбек екеуі де екінші сыныпта оқиды екен.

Ал, Ақерке Х.Досмұхамедов атындағы АМУ-нің екінші курс студенті. "Бұған дейін кейде сабаққа кешігіп қаламыз, кейде орындаған тапсырмамызды жібере алмай, не тапсырма бергенін біле алмай отыратын едік. Қазір бәрі қалыпты, бейнеқоңырау да еш қиындықсыз шалынады",- дейді ол.

eskene-8

Немерелерінің интернет қондырылғалы мәз болысып жүргенін тілге тиек еткен Дәмина әжей басшылық тарапына өз алғысын жеткізді.

Ауылда ақ халатымен қызмет етіп жүрген Валя Алмукашева есімді апай да: "Үйде төрт бала оқиды. Екі балам және екі немерем. Алды тоғызыншы, соңы үшінші сыныпта оқиды. Бәрі білімін жақсы алып жатыр. Бұған дейін сәл қиындық келтіріп, уатсаптан келген тапсырма ашылмай, үйдің бұрыш-бұрышын жағалап жүретінбіз. Қазір көзіміз ашылды, тіпті желіні теледидарына жалғап алған тұрғындар да бар",-дейді.

Балаларының биік белестерді бағындыруына біз де тілекші болып, әрі қарай аттандық. 

   
А.САДЫКОВ

Суреттер автордікі

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT