28 сәуір күні «Nur Otan» партиясы Мақат аудандық филиалының ХХХІІІ-ші есеп беру - сайлау конференциясы өтті.
Эпидемиологиялық жағдайға байланысты онлайн форматта өткен конференцияға аудандық партия филиалының төрағасы, аудан әкімі Шәкір Кейкин төрағалық етті. Жиынға аудандық есеп беру - сайлау конференциясының өкілеттілік нормасына сәйкес 1888 партия мүшесінен конференцияға 30 делегат сайланып және аудандық партия филиалы Саяси кеңесінің мүшелері, партия ардагерлері, аудандық мәслихат депутаттары, жергілікті атқарушы органдар басшылары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен «Jas Otan» Жастар Қанатының мүшелері қатысты.
Конференция барысында партияның соңғы екі жылда атқарған жұмысының есебі тыңдалып, алда тұрған мақсат-міндеттері айқындалды. Аудан басшысы Шәкір Кейкінұлы есеп беріп отырған 2019-2020 жылдар аралығы партия үшін саяси оқиғаларға толы, нәтижелі кезең болғанын атап айтты. Сонымен қатар, мінберге жарыссөзге партия ардагері А.Жұмағалиева және аудандық мәслихат депутаттары Г.Саликова, А.Дәулетқалиев шақырылып, баяндама оқыды. Олар «Nur Otan» партиясының жарқын жұмыстарын айтып, ауданымызда нұротандықтардың жүзеге асырып жатқан ерең еңбектерімен бөлісе келе партия филиалына «қанағаттанарлық» деген бағаларын берді.
Бүгінгі күні Мақат ауданында 42 партиялық топтан тұратын 8 бастауыш партия ұйымы болса, оның мыңнан астам мүшесі бар. Тұрғындардың мұң-мұқтажын шешу үшін қоғамдық қабылдау бөлмесінің жұмысы белсенді жүргізілуде. 2020 жылы 859 адам өтініш білдірсе, бұл партияның қоғамдық қабылдау бөлмесінің қызмет етуіндегі соңғы жеті жылдағы ең жоғары көрсеткіші болды. Ал 2021 жылдың І тоқсанында партияға 117 өтініш түсіп, оның 45 пайызы оң шешімін тапқан. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге артып отыр. Сондай-ақ, биыл 9 қоғамдық кеңес құрылып, жылдық жұмыс жоспарлары бекітіліп, кеңес отырыстары ұйымдастырылуда.
«Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламаның әр бағыты бойынша қазір ауданда жүйелі жұмыс жоспары құрылып, жауапты депутаттар іске кірісті. Жол картасында 7 басым бағыт бойынша 86 іс-шара, 81 көрсеткіш жоспарланып отыр. 2021-2025 жылдар аралығында аудан бойынша 2 ірі инвестициялық жобалар іске асырылатын болады. Оның ішінде: 2021 жылы – 5 жоба, 2022 жылы – 5 жоба, 2023 жылы – 5 жоба, 2024 жылы – 6 жоба, 2025 жылы – 7 жоба бар.
Конференция барысында аудандық партия филиалы Саяси кеңесінің жаңа құрамы сайланып, әйелдердің 30%-ы және 35 жасқа дейінгі жастардың 20%-ы қосылды. Сондай-ақ, Атырау облыстық филиалының ХХХІІІ есеп беру-сайлау конференциясына қатысатын 6 делегат сайланды. Конференция барысында күн тәртібіне ұсынылған мәселелер толығымен қаралып, тиісті қаулылар қабылданды. «Nur Otan» партиясы елімізде жүргізіліп жатқан экономикалық, саяси және әлеуметтік жаңғырудың көш басында тұрып, қоғамның барлық саласының дамуына ат салысатын болады деп тарқасты конференцияға қатысушылар.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Суреттер автордікі