Ерекше балаларға арналған мереке

(0 Votes)

Өткен аптада Мақат мұнай және газ технологиялық колледж студенттері дәстүрлі «Шын жүректен» атты қайырымдылық кешін өткізді. Аталмыш кешке колледж ұжымы мүмкіндігі шектеулі балаларды қонаққа шақыруды дәстүрге айналдырған.

Шараға ерекше балалармен қоса ата-аналары да келіп, өздеріне арналған мерекелік думанның куәсі болды. Кешті колледж басшысы Ізтұрған Молдабекұлы ашты.

Аталмыш кеш «Үш көбелек» көрінісімен ашылды. Бірлікке, қамқорлыққа үндейтін ертегі балалардың көңілінен шығып, ерекше қошеметтерін білдірді. Кейін балалар ертегі, мультфильм кейіпкерлерімен бірге би билеп, ойын ойнады. Балғындар өздеріне берілген шығармашылық тапсырмаларды құлшыныспен орындап, өз өнерлерін көрсетуге де жасқанбады.

Кеш барысында балалардың белсенділігін қажет ететін ән, бимен түрлі ойындар ойналып, өздеріне арналған концерттік бағдарламаны тамашалады. «Мұндай шаралар мүгедектігі бар балаларға серпін береді, өмірге деген қызығушылығын арттыра түседі. Сол себепті оларға барынша қолдау көрсету баршамыздың ортақ парызымыз»,-дейді ұйымдастырушылар.

Кеш соңында балалардың әрқайсысына бағалы, өздеріне пайдалы сыйлықтар таратылып, мәз-мейрам болып тарқасты. Бұл күні балғындар бір сәтке болса да, көңілдері қуанышқа толып, мейірімді жандардың жүрек жылуын сезінді.

М.СЕРІКҚЫЗЫ,

Сурет автордікі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521