ЕЛ ЕРТЕҢІНЕ СЕНІМ

(0 Votes)

 Қазіргі таңда елімізде жастардың бастамаларын қолдайтын, олардың арман- мақсаттарын жүзеге асыруға бағытталған жобалардың қатары артып келеді. Солардың бірі – биыл іске қосылған «Talaptan Grants» бағдарламасы.

Бұл жоба жастарды әлеуметтік белсенділікке тарту, олардың өз қабілеттерін қоғам игілігіне жұмсауына жағдай жасау мақсатында ұйымдастырылған. Осы игі бастамаға ауданымыздан үш жас қатысып, өз жобаларын сәтті қорғап, грант жеңімпаздары атанды. Солардың бірі – С.Шарипов атындағы Доссор мектеп-интернатының тарих пәні мұғалімі Серікболсын Берікұлы. Серікболсын Берікұлының ұсынған «Bibliotech» жобасы – заманауи білім мен кітап оқуға деген қызығушылықты қайта жаңғыртуды мақсат етеді.

Бұл жобаның ашылуына себеп болған – Доссор кентіндегі С.Шарипов мектебіне қарасты жатақханада тұратын балалардың жағдайы. Мақат және Қызылқоға аудандарының оқушылары 5 күн бойы тәулік бойы жатақханада тұрады. Бұл балалар негізінен елді мекендер мен станцияларда тұратын мектеп жасындағы жасөспірімдер. Олар өздерін үйдегідей сезінгенімен, қалаған жерлеріне еркін бара алмайды. Осы жағдайдан шығып, педагог-зерттеуші Беріков Серікболсын Берікұлы жатақхана ішінде жастарға арналған коворкинг кабинетін ашуды ұсынған. «Жатақхана балалар үшін екінші үй сияқты, бірақ бос уақыттарын тиімді пайдалана алмайды. Біз сол мүмкіндікті толықтыру үшін «Bibliotech» коворкинг кабинетін аштық, – дейді Серікболсын Берікұлы.

Қазір жатақханада жататын 80-нен астам бала бос уақыттарын тиімді өткізіп, кітап оқып, интеллектуалды ойындар ойнап, тренингтерге қатысып жүр»,-дейді жоба авторы.

Коворкинг орталығында жастар бос уақыттарын тиімді өткізіп, кітап оқумен қатар тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы сынды ұлттық ойындар арқылы логикалық ойлау қабілеттерін дамыта алады. Мұнда олар гаджетсіз тікелей қарым- қатынас орнатып, бір-бірінен үйренуге мүмкіндік табады.

«Біз тек кітап оқуға шақырмаймыз. Мұнда балалар сүйікті ісімен айналысып, достар таба алады. Түрлі тренингтер мен семинарлар, кездесулер өткізу арқылы олардың жеке дамуына жол ашылады. Ең бастысы – бұл жер рухани демалыс пен шығармашылық еркіндіктің ордасына айналмақ»,- дейді Серікболсын Берікұлы.

Ол ұсынып отырған «Bibliotech» орталығының басты ерекшелігі – жастарды цифрлық тәуелділіктен арылтып , оларды нақты өмірмен, нақты адамдармен байланысқа шақыру.

«Қазір көпшілігіміз өміріміздің бір бөлігін телефон экранының ар жағында өткіземіз. Ал біз, керісінше, кітаптың иісін сезініп, ой бөлісіп, пікірталас мәдениетін қайта қалыптастыруды мақсат етеміз», – дейді жас ұстаз.

Оның айтуынша, болашақта бұл орталық тек аудан жастарының емес, бүкіл өңірдің интеллектуалды алаңына айналмақ. Қазан айында ғана жатақхана жанынан ашылған «Bibliotech» коворкинг кабинеті бүгінде 80-нен астам баланың білім мен шығармашылыққа деген қызығушылығын арттыруға жол ашып отыр.

ТҮЙІН

Жастарға сенім артып, олардың идеясын қолдау – ел болашағына инвестиция салу. «Talaptan Grants» жобасы – осындай сенімнің жарқын көрінісі. Серікболсын Берікұлының «Bibliotech» жобасы арқылы білімге құштар жастар жаңа рухани кеңістікке ие болмақ. Бұл бастама аудан жастарының бойындағы шығармашылық әлеуетті оятып, оқуға, ізденуге және қоғаммен тікелей байланыс орнатуға жол ашады.

Ж.Қамза

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

AQPARATPRINT