Күн жылынып, жер көгерер уақыт жетті. Бұл – әрине, жеміс ағаштарын баптап, гүл отырғызып, түрлі көкөніс егетін уақыт. Көктемнің әр күні – жылға азық. Дегенмен біздің табиғаты қатал, құрғақшылық өңірді жайқалтып бау-бақшаға айналдыру кез келген жанның қолынан келмесі анық. Ал, Доссорлық Сабыржанов Эдуард пен Вера Борисовна - ауласын гүл-кілемге көмкеріп, бақшасын жайнатып отырған отбасылардың бірі.
Иә, жайқалған бағы бар деген соң, «Бірлік» ықшамауданында тұратын Сабыржановтар әулетіне жол тарттық. Эдуард аға мен Вера апайдың отасқандарына 40 жылға жақындапты. Үлкендердің батасымен көтерілген отаудың бұл күнде керегесі кең, шаңырағы биік. Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауылының тұрғындары 1995 жылы мұнайлы өлкеге қоныс аударады.
Эдуард ағайдың ұлты - қазақ, анасы татар ұлтынан. Ал, Вера апай орыс пен татар ұлтының қаны араласқан ұрпақ. Көпұлтты отбасы болса да, қазақтың салт-дәстүрін ұстанып, қазақ тілін өте жақсы меңгерген олар өзгелерге үлгі боларлықтай. Энергетика саласында ұзақ жыл еңбек еткен Эдуард ағайдың шаңырағында 4 ұл-қызы, 11 жиен –немерелері бар. Бүгінде балалары өз шаңырағының түтінін түзу ұшырып отыр. Әр салада қызмет етіп жүр. Шаңырақ иелеріне келген бұйымтайымызды айтып, жөн сұрастық. Құрал-сайманын қолына алған Вера апай бізді бақша ішінен күтіп алды. Бақшасы уақыты жеткенде төгілген жеміс пен құлпырған гүлдерге толады екен. Бүгінде аулада жеміс ағаштары жайқалып өсіп, бүршік жарып тұр. Олардың қатарында өрік, шие, черешня, шабдалы және алманың үш түрі бар. Барлығы да енді бой көтеріп келе жатқан, жас көшеттер. Биыл түйнек сала бастаған. Сондай-ақ, сирень ағашы да жайқалып, хош иісі және күлгін түсті гүлдері ауланың сәнін келтіріп тұр.
«Аулада көктемнің лебі есе бастағаннан-ақ тазарту жұмыстары басталады. Өйткені, көктем – шаруа, ырыс айы. Бәріміз тазалап, егінімізді егеміз. Әрбірінің өзіндік ерекшеліктері бар. Әрқайсысына бап керек. Мен үшін бұл әрі еңбек, әрі демалыс. Бос уақытыңды бақшада өткізіп, оны күтіп-баптаудың өзі бір ғанибет. Уақытымызды тиімді пайдалану өз алдына, оның тіпті денсаулығымызға да пайдасы орасан, – дейді Вера апай.
Толығырақ газетімізден оқи аласыз!
М.ІЗТҰРҒАНОВА
суреттер автордікі