Доссор мәдениет үйі жанындағы би үйірмесінің шәкірттері Орал қаласы «J-ART» өнер академиясының ұйымдастыруымен өткен республикалық «Бұраң бел» хореграфиялық конкурсына қатысты.
Байқауға «Еркемай» үлгілі би тобы Айнұр Садуақасованың жетекшілігімен «Өзбек» биін ұсынды. Ал, «Балауса» үлгілі би тобы Мадина Кейкенованың дайындауымен «Еркелер» биін жолдады. Пандемияға байланысты байқау онлайн форматта ұйымдастырылды.
Өнерпаз балаларға арналған би бәйгесінің басты мақсаты өнерлі балаларды қолдау болатын. Аталмыш сайыста ауданның абыройын арқалаған «Еркемай» би тобы жүзден жүйрік болып, бас жүлдеге ие болса, «Балауса» би тобы І орынды қанжығасына байлады.
Сондай-ақ, аталмыш конкурста Р.Ғабдиев атындағы Өнер мектебінің оқушылары да топ жарды. Өнер байқауында Аслан Тілеуғалиев және Ұлжан Сәрсенғалиева жетекшілік ететін «Гауһартас» би ансамблі «Халық биі» номинациясы бойынша үлкен топ арасында бас жүлдеге ие болса, кіші топ арасынан «Ұлжан-ай» би ансамблі жүлделі І орынмен марапатталды.
Барлық қатысушы дипломдармен, ал жетекшілері алғыс хаттармен марапатталды.
М.ІЗТҰРҒАНОВА